Президент Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді
«ЖИ әлем экономикасының келбетін өзгертетін бес трансформациялық мегатрендтің бірі ретінде танылды. Соңғы бес жылда жасанды интеллектімен байланысты патенттердің үлесі шамамен үш есе өскен. Бұл іргелі технологиялық өзгерістерді байқатады». Ақордада өткен «Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында» Мемлекет басшысы осылай деді. Жиында өнеркәсіп секторын цифрлық трансформациялау мәселелері қаралды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейтуде негізгі құралдардың бірі болуға тиіс. Оның айтуынша, «кәсіпорындардағы цифрландыру шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Мұндай тәсіл өзін өзі ақтамайды. Сондықтан жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс. Осыған орай, Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері ЖИ арқылы өзгеретін кәсіпорындарды анықтауы тиіс», - деді Президент.