Жасанды интеллект ауыл шаруашылығына қалай көмектеседі?
Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе жасанды интеллектіні пайдалану, өндіріс тиімділігін арттыру және су ресурстарын үнемдеу агросаланың негізгі басымдықтарына айналып отыр. Алайда жаңа технологиялар ірі кәсіпорындармен шектелмей, шағын және орта шаруашылықтарға да қолжетімді болуы керек. Бұл туралы Құрылтай депутаты Бота Елеусізова «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын озық технологиялар мен жасанды интеллект арқылы дамыту міндетін қойды. Қазір елімізде цифрландыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылып, жаңа технологияларды тиімді пайдаланып отырған шаруашылықтар да бар. Ендігі міндет – осындай тәжірибені барлық өңірге тарату.
Біз жасанды интеллектіні ақпарат жүзінде ғана емес, шаруаның нақты табысымен есептейтін деңгейде қарастыруымыз керек. Басты мақсатымыз – озық үлгіні жергілікті жердегі қарапайым шаруаға қолжетімді ету, – деді Бота Елеусізова.
Оның пікірінше, цифрландырудың нәтижесі нақты экономикалық көрсеткіштермен өлшенуі тиіс. Яғни технологияны енгізу еңбек шығынын азайтып, өнім сапасы мен көлемін арттыруға және шаруашылықтың табысын көбейтуге ықпал етуі қажет.
Технологияны енгізуге қаржылық кедергілер бар
Ауыл шаруашылығын цифрландырудағы негізгі мәселелердің бірі – жаңа технологияларды сатып алуға қажетті қаражаттың қолжетімділігі. Бұған қоса, техниканың қымбаттығы мен өнімді өткізу мәселесі де шаруаларға салмақ түсіреді.
Депутаттың айтуынша, қазір мемлекеттік қолдау бағдарламалары жеткілікті болғанымен, олардың кейбірі бір-біріне ұқсас. Сондықтан қолданыстағы тетіктерді қайта зерделеп, шаруалардың нақты қажеттілігіне қарай жетілдіру қажет.
Бағдарламалардың саны бар, бірақ олардың бір-біріне ұқсас тұстары да бар. Сондықтан бұл бағытта терең зерделеу жүргізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері әрі қарай жетілдірілуі керек, – деп атап өтті депутат.
Ол заңнамалық бастамалар арқылы шаруалардың жаңа технологияларды пайдалануына кедергі келтіретін мәселелерді шешуге дайын екенін жеткізді.
Су үнемдеу – стратегиялық міндет
Агросаладағы тағы бір өзекті мәселе – су ресурстарын тиімді пайдалану. Орталық Азияда су тапшылығы қаупі күшейіп келе жатқандықтан, су үнемдеу технологияларын енгізу стратегиялық маңызға ие.
Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектар егістік алқапқа осындай технологияларды енгізу міндетін қойған. Бота Елеусізованың айтуынша, бұл бағытта оң нәтижелер көрсетіп отырған шаруашылықтар бар. Мәселен, су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы өнім көлемін екі есеге дейін арттырған шаруалар кездеседі.
Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалған шығынның 80 пайызына дейін өтейді. Ал «Даму» қоры арқылы берілетін кепілдік көлемі 85 пайызды құрайды.
Су үнемдеу технологиясы – бүгінгі заманның талабы. Судың тапшылығы – стратегиялық мәселе. Сондықтан бұл технологияларды пайдаланатын шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек», – деді депутат.
Мемлекеттік қолдауды ауылдағы әр шаруаға жеткізу қажет
Депутаттың пікірінше, мемлекеттік бағдарламалардың болуы жеткіліксіз. Ең маңыздысы – ауылдағы қарапайым шаруаның сол мүмкіндіктерді пайдалана алуы. Ол үшін өтінім беру рәсімдерін оңтайландыру, құжаттарды қарау мерзімін қысқарту және қаржыландыру туралы шешімді жедел қабылдау қажет.
Әр шаруа мемлекеттік қолдауға оңай қол жеткізуі керек. Өтінім ұзақ қаралмай, шешім шұғыл қабылданып, шаруа қажетті қаражатын уақытылы алуы қажет. Озық технологияларды пайдалануға кедергі келтіретін мәселелердің бәрін жою керек, – деп түйіндеді Бота Елеусізова.