Президент: киберқауіпсіздік мәселелері кезек күттірмейді

Жасанды интеллектінің мүмкіндігі молайған сайын, оның қаупі де артады. Берлиндегі бизнес форум барысында Президент: «Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселе», – деді. Ал елдің киберқалқанының қауқары қандай? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Киберқалқанды нықтау маңызды

Жасанды интеллектінің пайдасы мен салдары тікелей адамзатқа байланысты. Аталған зердені ұтымды пайдалану үшін де киберқалқанның болуы маңызды. Жеке деректерден бастап, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге дейінгі мәліметтерді қорғау мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Елге кванттық есептеуіштер де келіп жатыр. Демек қауіпсіздік талаптарын қайта қарау қажет.

Досжан Мұсалиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

– Адами капитал өте маңызды. Күнде киберқауіп түрлері келе жатқандықтан, білім бағдарламаларының бәрін қайтадан қарастырып отыру керек. Әр жарты жыл сайын, әр бір жыл сайын. Сөйтіп осы саладағы мамандарды көп даярлауға аса маңыз білдіру керек.

Адами капитал арқылы жасанды интеллектінің оң тұсын пайдаға жаратамыз, бірақ кибершабуылға да адами фактор әсер етіп жатады. Зерттеуге сүйенсек, қауіп-қатердің 80 пайызы адамдардың антивирус орнату, күмәнді сілтемеге өтпеу сияқты негізгі қағиданы білмеуі немесе сақтамауынан болады. Шабуыл тәсілдері де өзгеріп жатыр. Сондықтан техникалық қорғаныс жүйесін орнату аздық етеді. Мемлекеттік органдар мен компанияларға ішкі ақпараттың сыртқа шығуына жол бермеу маңызды.

Батыржан Шақман, «CYBERX» ЖШС негізін қалаушы:

– Біз барлық ақпаратты жіберу арналарына бақылау жасаймыз. Ол мессенджерлер болсын, пошта болсын, флешка болсын — барлық қажетті ақпараттың сыртқа жіберілуін бақылаймыз. Сондай-ақ ақпарат жіберіліп жатқан кезде оны талдаймыз. Егер оның ішінде құпия ақпарат немесе жеке деректер болса, оны сыртқа жіберуге мүмкіндік берілмейді. Тек компания басшысының рұқсатымен ғана жіберуге болады.

Отандық стартапшылар киберқалқан жобаларды ұсынып жатыр. Кейбірі тіпті әлемдегі ірі компаниялардың бағдарламаларымен тең деңгейде. Мұның маңызы зор. Өйткені киберқауіпсіздік енді IT мамандардың мәселесі ғана емес. Сол себепті тиісті реттеу тетіктері күшейтілді. Цифрлық мүмкіндіктер артқан сайын, оларды қорғау міндеті күрделене түсері анық.

Автор: Мерей Мұратханқызы

Сондай-ақ оқыңыз: