Жұмысшы мамандарды даярлау тәсілі өзгереді
Жұмысшы мамандар жерде қалмайды.
Алайда кейінгі жылдары заманауи технологиялық өзгерістер мен өнім түрлеріне қарай еңбек нарығында талап өзгерді. Сондықтан колледждердің білім беру бағдарламалары да жаңартыла бастады. Кадр даярлауға бөлінетін қаражат көлемі де ұлғаяды.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Өндіріс орындары автоматтандырылып жатыр. Бұрынғыдай процестің бәрін бірдей жұмысшылар істей бермейді. Мысалы, бұл - сорғы станциясына арналған коллектор дайындайтын жабдық. Қазір бір ғана батырманы бассам, болатты белгілі бір өлшемде ойып, кесіп береді.
Қуат Айтмағамбетов, цех операторы:
- Осы лазерді осы зауытта үйрендім. Осы салада жұмыс істеп жатырмын. Бұл лазерь, әрине, көп жеңілдік береді. Біраз нәрсені кесіп беруге болады.
Мұнда су мен жылу желілеріне арналған құрал-жабдық өндіріледі. Тауар ішкі нарықпен қатар Ресей мен Өзбекстанға жөнелтіліп жатыр. Жақында жылу алмастырғыш шығарылатын тағы бір цех іске қосылады. Өндірістік кешенде автоматтандырылған құрылғылар қолданылады.
Владимир Усов, «Теплотехник-НС» компаниясының директоры:
- Бұл - тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған жылу алмастырғыштар. Біз бұл өндіріс үшін бөлек цех салып жатырмыз. Сонда өнімді бастан аяқ өзіміз өндіріп, импорт үлесін азайтамыз. Қазір бізде 45-тен астам адам еңбек етеді. Жұмысшы мамандар бізге әрдайым керек.
2030 жылға қарай еңбек нарығына жыл сайын 225 мыңнан астам адам қажет болады. Солардың 70 пайызы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Өндіріс орындарына орнатылған заманауи құрылғыларды басқару және жаңа өнім түрлерін өндіруді әдетте зауыт жұмысшылары өздігінен меңгереді. Ал кейбір кәсіпорындар жас мамандардан соған сай біліктілікті талап етеді. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі жұмысшы мамандарды даярлау әдісін өзгерте бастады. Қазірдің өзінде 14 мыңнан астам білім беру бағдарламасы әзірленген.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Әлемдегі технологиялық өзгерістер де мамандықтар құрылымына әсер етуде. 200-ден астам жаңа мамандық пайда болады. 100-ге жуық мамандық трансформацияланады. 125 мамандыққа сұраныс төмендейді. Осы үрдістер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығындағы және технологиялық өзгерістерге алдын ала бейімдеуді талап етеді.
Жұмысшы мамандарды даярлауға бөлінетін қаражат көлемі кезең-кезеңімен ұлғаяды. Биыл 60 млрд теңге жұмсалса, келер жылға 75 млрд теңге қарастырылып отыр. Ал 2028 жылы 80 млрд теңгеге жетеді. Бұрын қаражат колледждердің рейтингіне сәйкес берілсе, енді бәріне бірдей бөлінеді.
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ
2026 ж ₸60 млрд
2027 ж ₸75 млрд
2028 ж ₸80 млрд
Еркебұлан Смадияров, Ержан Рахманбердиев