Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде сөз сөйледі
Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде теңізін құтқарып қалу үшін бірігуге шақырды.
Президент Каспий экология саммитінде сөйлеген сөзінде айдынның аймақ халқы үшін стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталып, бүгінгі кездесудің тарихи сипатын атап өтті. «Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек», - деді ол. Сондай-ақ егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап кеткен. Сонымен қатар Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. «Каспий итбалықтарының ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 млн-нан 270 мыңға дейін азайды», – деді Президент. Сөз соңында Мемлекет басшысы алғашқы Каспий экология саммитін өткізу туралы өзекті бастаманы дер кезінде көтерген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын жеткізді.