Қ. Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуандылық бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуандылық бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлық танытқаны және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинянға алғыс айтты. Президент табиғатты сақтау жөнінде келер ұрпақ алдында ортақ күш-жігерді үйлестіру қажет екенін еске салды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан бірегей биоалуандылығымен ерекшеленетінін айтты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенім білдіріп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды роль атқарады. Шөлейттену және су тапшылығы, басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді. Судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мұның салдары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мемлекеттер аумағынан әрі асып, орнықты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақтылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек.