Президент Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты
Мемлекет басшысы телекөпір режимінде Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды «24KZ».
Президент салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, Абай облысында салынатын зауытты тұтас ел экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін аса маңызды жоба деді. Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бастамаға шамамен 1,8 млрд доллар инвестиция салынып, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Абай облысында салынатын мыс балқыту зауыты ел экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін аса маңызды жоба. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоғай зауытының құрылысын бастау рәсімінде осылай деді. Президент тау-кен металлургиясы ел үшін стратегиялық маңызы зор сала екенін айтып,
осы уақытқа дейін жүзеге асқан ілкімді істерді жіпке тізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тау-кен металлургиясы мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екені белгілі. Мен былтыр халыққа Жолдауымда осы мәселеге арнайы тоқталдым, нақты міндеттерді айқындадым. Сондықтан жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта істеліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады. Баршаңызға мәлім, бүгінде Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басты. Біз біртұтас әрі жасампаз жұрт болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз. Ең бастысы, жарқын болашағымызға бағдар болатын Конституциямызды қабылдадық. Конституцияда ұлтымыздың мызғымас құндылықтары мен қағидаттары толық көрініс тапты. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Осындай өндірістік жобалар, ең алдымен, еліміздің игілігін арттыруды көздейді.
Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Президенттің айтуынша зауыт іске қосылған соң еліміз жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жақсы деп айтуға болады. Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жетті. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялық жоба іске қосылды. Соның арқасында 50 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Бүгін де бәріміз тағы бір өндірістің басталуына куә болып отырмыз. Бұл – ел экономикасына серпін беретін маңызды оқиға.
Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырады, ал қытайлық NFC компаниясы – инженерлік серіктес.Бастамаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынып, оның аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, кәсіпорында алтын және күкірт қышқылы өндірілмек.
Лег Новачук, KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы:
- KAZ Minerals үшін металлургиялық кешеннің құрылысы стратегиялық инвестициялық шешім және Қазақстан экономикасына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция. Біз алдағы жұмыстың ауқымын және оның нәтижесі үшін жауапкершілігімізді толық түсінеміз. Біздің мақсатымыз – металлургия саласының дамуына және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің артуына елеулі үлес қосатын заманауи, технологиялық тұрғыдан озық өндіріс орнын құру. Жобаның негізгі стратегиялық маңызы – кен өндіруден бастап дайын металл шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыру.
Вэнь Ган, СNMC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
- Маңызды стратегиялық жобаны жүзеге асыруға қатысу үлкен мәртебе. Біз өз дайындығымызды салтанатты түрде мәлімдей отырып, ең жоғары халықаралық стандарттарды мүлтіксіз сақтауға, қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз етуге, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде орындалуына кепілдік беруге және жобаның табысты жүзеге асуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға міндеттеме аламыз.
Ақордадағы жиында Президент кәсіпорын акционерлерінің алдында маңызды міндеттер тұрғанын айтты. Бұдан бөлек өнеркәсіп саласына цифрлық технология мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу ісіне баса мән беруге шақырды. Елде жалпы 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Онда жылына шамамен 160 миллион тонна кен өндіріліп, 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Озық шешімдер кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені ескерген жөн. Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтау қажет. Осы бірегей жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқан барша азаматқа, қытайлық серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ақтоғай мыс өңдеу кешені Қазақстанның өнеркәсіптегі әлеуетін арттыра түсуге зор үлес қосады деп сенемін.
Ақтоғайдағы кәсіпорында кен байытудан бастап дайын металл шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қарастырылған. Кешен өзінің кен орнынан алған мыс концентратын өңдейді. Бұл шикізат көзін ғана қамтамасыз етіп қоймай, елде шығарылатын өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді. Алғашқы мыс катодын алу 2030 жылға жоспарланып отыр.
Авторы: Әлішер Әли