Қазақстан Президентінің әлемдік бастамалары жаһанды бірлік пен қауіпсіздікке үндейді

Қазақстан Президентінің әлемдік бастамалары жаһан елдерін бірлік пен қауіпсіздікке үндейді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қай ұсынысы болсын бейбітшілік пен бітімгершілікті көздейді. Бұл қазақстандық саясаттанушылардың пікірі. Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі маңызды жиындарда қандай бастама көтеріп, нендей ұсыныс айтты?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік және халықаралық бастамалары жаһанда бейбітшілікті нығайтуға, аймақтық қауіпсіздікке, климаттық өзгерістермен күреске және адамзат үшін аса маңызды - су ресурстарын қорғауға бағытталған. Қай-қайсы да өте өзекті. Ал оның бәрін бүкіл әлем елдерінің басын қосатын БҰҰ сессиясы секілді мәртебесі жоғары жиындарда жиі айтып жүр. Әсіресе былтырғы 80-сессияда Мемлекет басшысы БҰҰ-ға қарасты Қауіпсіздік Кеңесін реформалау керектігіне тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының бәрі мүлтіксіз сақталуы тиіс. Ұйым Жарғысын қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді. Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді. Бүгінде біз алаңдатарлық ахуалға куә болып отырмыз: қарулануды шектейтін шарттар сақталмайды, демек, стратегиялық тұрақтылықтың да іргесі сөгіле бастады».

Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Тіпті кейбір елдердің соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн, деп қадап айтты. Ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек екенін де айтты. Себебі Қазақстан, жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ-да барынша анық естілуі қажет деп санайды. Президенттің орта державалар туралы мақаласын АҚШ-тың «The Hill» басылымы да жариялады. 

ЦИТАТА (THE HILL басылымынан скрин)

«Біз БҰҰ-ны аймақтық басымдықтарға жедел үн қататын және бүгінгі жаһандық шындықты көбірек көрсететін ету үшін көпжақтылықты жаңғыртуымыз керек. Бұған қол жеткізудің өзегі — БҰҰ жүйесінің заңдылығына сүйене отырып, дамушы және орта державаларға аймақтық мәселелерде көшбасшылық етуге мүмкіндік беру. Бұл тиімді әрекет етуге білімі мен мүддесі бар елдердің дауысын күшейтеді, сонымен бірге шамадан тыс орталықтандырылған жауаптардың кемшіліктерін азайтады. Дамушы елдер мен орта державалар — БҰҰ-ның мақсатына көбіне ең терең сенетіндер. Олар оны барлық мемлекеттер — үлкен де, кіші де сөйлей алатын, келіссөздер жүргізе алатын және консенсус құра алатын жалғыз әмбебап платформа ретінде көреді. Егер БҰҰ жаһандық қауымдастыққа шын мәнінде қызмет етуі керек болса, онда оның құрылымдары, атап айтқанда Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты бес мүшеден, яғни АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытайдан тыс көбірек дауыстарды қамту үшін реформалануы тиіс».

Президент сонымен қатар биологиялық қауіптерден қорғану үшін арнайы Халықаралық агенттік құру керектігін де талай тілге тиек етіп жүр. Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысты да маңызды мінберлерде жиі көтеріп келеді. Себебі әлемді қуаңшылық жайлап барады. Сондықтан келешекте мемлекеттер су үшін бір-біріне көз алартпауы тиіс.

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

«Мысалы, былтырдың өзінде әлемнің 20 елінде қақтығыс болды. Салдарынан 100 мыңнан астам адам қаза тапты. Бұл деген Екінші дүниежүзілік соғыспен салыстырғанда көп көрсеткіш. Сондықтан Әзербайжанда өткен CICА /АӨСШК/ отырысында Мемлекет басшысы атап өтті. CICА /АӨСШК/ ұйымына Азия халқының 90 пайызға жуығы мүше. Бірақ дүниежүзілік су қорының 35 пайызы осы Азия құрлығына тиесілі. Нәтижесінде осы су тапшылығы, ауыл шаруашылығына байланысты, егін шаруашылығына байланысты ортақ дипломатиялық жүйе қалыптаспай, болашақта су тек мемлекеттердің арасында түсініспеушіліктің негізі емес, экономикалық мәселе тудыруы да мүмкін». 

Мемлекет басшысы сондай-ақ жасанды интеллектіні дамытудың да тәуекелдері де бар деп санайды. Атап айтқанда, ол технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктердің күшеюіне әкеледі. Сондықтан ЖИ бойынша жаһандық қауіпсіздік ережелерін бекітуді ұсынды. Оның аясында әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау мәселелері жедел әрі нақты шешілуі тиіс. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұдан басқа да әлемдік бастамалары мен ұсыныстары өте көп. Ал оның барлығының негізі – қауіпсіздік пен бірлік.

Авторы Дамир Берікұлы

Сондай-ақ оқыңыз: