Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Енді әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтылды. Негізгі мәселе – әскери реформа жоспарының жобасы қаралды. 

«Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне, мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керектігі айтылды. Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әзірленген Жоспардың негізгі ережесін таныстырды. Құжатта мемлекеттің бүкіл әскери жүйесінің тиімділігіН арттыруға бағытталған институционалдық өзгерістер көзделген. Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру, армияның негізгі компоненттерін нығайту жоспарланып отыр. Реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Жарғыға сай келмейтін іс-әрекетке жол бермеу шаралары қабылданады. Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспары туралы баяндады. Жоспарда көзделген ұйымдастыру шаралары жыл соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық шаралар келесі жылы іске асырылады. Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Отырыс қорытындысы бойынша әскери реформа жоспары мақұлданды.

Сондай-ақ оқыңыз: