Қазақстан мен Иорданияның стратегиялық серіктестігі артады

Елге Иордания королі ресми сапармен келді.

II Абдалла бен әл-Хусейнді Мемлекет басшысы елорда әуежайынан күтіп алды. Тараптар бүгін Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді. Ал ертең Ақаба саммитіне қатысады.

Әлішер Әли, тілші:

- Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді Мемлекет басшысы елорда әуежайынан күтіп алды. Тараптар бүгін Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді. Ал ертең Ақаба саммитіне қатысады. Президенттің арнайы шақыртуын қабыл алып, ресми сапармен келген Иордания Королін Ақорда құрметпен қарсы алды. Тараптар қол алысып, делегация мүшелерін таныстырып енді аз-кем әңгімелесу үшін шағын құрамда келіссөз жүргізуге беттеп барады.

Иордания Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктесі. Тараптар арасындағы достық мығым. Олай дейтініміз монарх елімізге бірнеше мәрте сапарлады. Ал елдер арасындағы ынтымақтастық экономика, инвестиция, сауда және әскери салаларды қамтиды. Шағын құрамдағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев сан салада қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға баса мән беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Иордания – араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Кейінгі жылдары ықпалдастығымыз қарқын ала бастады. Біз арамызда орнаған түрлі деңгейдегі берік саяси диалогты жоғары бағалаймыз. Былтыр екі жақты қарым-қатынас үшін ерекше кезең болды, бір-бірімізге сапармен бардық. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды, сондай-ақ министрліктеріміз бен ведомстволарымыздың және іскерлік орта өкілдерінің арасында көптеген құжатқа қол қойылды. Мұның бәрі көп жақты ынтымақтастығымызды одан әрі ілгерілетуге септігін тигізді.

Өз кезегінде Абдалла бен әл-Хусейн ықыласпен қарсы алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байланыстыратынын жеткізді. Сондай-ақ Король өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстанмен ықпалдастықты кеңейтуге мүделлі екенін растады.

II Абдалла бен Әл-Хусейн, Иордания Королі:

- Өзіңіз еске салғандай, былтыр бір-біріміздің елімізге жасаған сапарларымыз екі жақты қарым-қатынасты ілгерілетуге ерекше серпін берді. Біз қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі өрбітіп, сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс секілді негізгі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз.

Иордания Қазақстан экономикасына 20 жылдан аса уақыт ішінде 15 млн доллардан аса инвестиция құйған. Ал біздің тараптан Корольдікке тартылған қаржы көлемі 4 млн доллардан асып жығылады. Елімізде иордандық капиталы бар 95 компания тіркелген. Оның 55-і белсенді жұмыс істеп келеді. Былтыр тараптар арасындыға тауар айналымы болса 50 пайызға төмендеп, 3 млн АҚШ долларын құрады. Ал биыл бұл көрсеткішті небәрі 9 айдың өзінде еңсердік. Яғни қаңтар-тамыз айларында сауда 3,5 млнға жетті. Былтыр Аммандағы кездесуде қос елдің басшысылар тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқан. Иордания Королінің бұл сапардағы мақсаты осы экономикалық байланысты одан әрі нығайту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Иорданиямен сан қырлы байланыстарды жоғары бағалаймыз. Еліміз Сізді бүкіл әлемде беделі биік көрнекті әрі көреген көшбасшы ретінде біледі. Сіздің тегеурінді, байыпты басшылығыңызбен Иордания бейбітшілік пен тұрақтылықтың, абырой мен әділеттің мекені, сондай-ақ қарқынды даму үстіндегі инновация мен орнықты өсім орталығы ретінде танылды. Әлемдік қоғамдастық Сіздің ой-пікіріңізге құлақ асады, жаһандық диалогты өрбітуге елеулі түрде ықпал етіп келесіз. «Ақаба процесі» бастамасы Сіздің халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге әрдайым бейіл екеніңізді анық көрсетеді. Ертең Астанада Иорданиямен бірлесіп осы бастама аясындағы кезекті саммитті өткіземіз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Король Абдалланы жақын досы санайтынын айтып, Al-Farabi орденін табыстады. Өз кезегінде Иордания басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады. 

Әлішер Әли

Сондай-ақ оқыңыз: