Мемлекет басшысы III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды «24KZ» Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы:
«Бүгін шын мәнінде өте маңызды жиын өтіп жатыр. ІІІ Стратегиялық серіктестер форумына жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары және сарапшылар қатысып отыр. Осы алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақырып. Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни, ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды. Осыған орай, бүгін ғылымның даму жолына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар айтылып жатыр. Мұның бәрі де отандық және шетелдік жоғары білім саласының әлеуетін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің әлем өркениетіндегі орны айрықша».
«Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады».
Президент:
«Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр. Биыл Қазақстанның дербес мемлекет болғанына – 35 жыл. Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр. Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді. Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды. Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бұл да – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға. Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде десек, артық болмас».
Мемлекет басшысы: «Енді алдымызда тұрған мақсат – шын мәнінде айбынды. Біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, адал еңбек пен айрықша жауапкершілік қасиеттерін жоғары бағалайтын Әділетті Қазақстанды құруға кірістік.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын қолға алдық, соның арқасында азаматтарымыздың бойында жаңа этика мен мүлде жаңа сипаттағы бітім-болмыс қалыптаса бастады. Біз жасампаз әрі жаңашыл ұлт ретінде түбегейлі жаңғыру жолына бет бұрдық. Реформаларымыздың ең басты бөлігі, бұл – Конституцияның қабылдануы. Азаматтарымыз жалпыұлттық референдумға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Қазақстанның жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Конституцияда еліміздің мақсат-мұраты мен болашақтағы бейнесі айқын көрініс тапты. Қазақстанның Егемендігі мен Тәуелсіздігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қастерлі құндылығы деп танылды. Қоғамда Заң мен Тәртіпті орнықтыру, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру бұлжымас қағидат ретінде бекітілді. Адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық міндет деп белгіленді».
Президент:
«Конституция ауқымды өзгерістердің жаңа, шешуші кезеңіне жол ашты. Елімізде мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі жаңғырды. Қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келіп, қазіргі таңда заң жобаларымен айналысуда. Жаңа мекеме – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Түбегейлі өзгерістер қоғамның барлық саласында жүргізілетін болды. Азаматтарымыз қазірдің өзінде реформалардың оң ықпалына, игілігіне көз жеткізді. Қазақстан реформаларының ерекшелігі, бұл – алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес ішкі «темірдей» логиканың болуы, яғни, нақты тәртіп пен сабақтастықтың сақталуы. Себебі ауқымды өзгерістер мен үстірт көзқарас ешқашан бірге жүрмейді, бір-біріне кедергі болады. Бұл – заңды нәрсе. Осылайша, түбегейлі реформалар жүргізу арқылы Қазақстан жаңа тарихи өсу, өрлеу дәуіріне қадам басты».
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.
«Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 398 миллиард доллар болады. Ал осыдан жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш 181 миллиард доллардың шамасында болды. 2019 жылдан бері экономикамызға 155 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылды. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 150 миллиард долларға жуықтады. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 44 пайызға ұлғайып, 129 миллиард доллардан асты. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың жеке есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылды. Бұл қазіргі буын өкілдерінің өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағына қосып жатқан баға жетпес үлесі десек, шындық боларына күмән жоқ. Қазақстанда ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі нақты бекітілген. Соған сәйкес азаматтарымызға 1 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетіледі. Елімізде әлеуметтік жағынан осал топтағы адамдарға берілетін жәрдемақының 39 түрі бар».
Мемлекет басшысы:
«Соңғы жеті жылда елімізде 625 орта және ірі өндіріс орны ашылды. 3,6 миллион адам жұмыспен қамтылды. 118 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. 36 мың шақырым автокөлік жолы және 5 мың шақырым теміржол салынып, жөнделді. Қазақстан табиғи ресурстар мен сирек кездесетін металдар, яғни уран, мұнай, көмір, титан, алтын, хром, мыс, вольфрам, кобальт, ванадий және тағы басқа аса маңызды минералдар қоры бойынша дүние жүзіндегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Өздеріңіз білесіздер, аталған құнды ресурстарға әлемдік сұраныс өте жоғары».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтық құрылыс» кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді».
«Жалпы, осы күнге дейін еліміз көптеген табысқа қол жеткізді. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрдайым биік мақсаттарға ұмтыламыз. Мен биылғы Жолдауымда «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасын жарияладым. Алдағы жылдарда тұтас ел аумағында көптеген балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар, жолдар және басқа да маңызды нысандар салынады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болған жоқ. Бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін бермек. Қысқаша айтқанда, бұл – «барша жұртымызға арналған нағыз халықтық жоба, яғни, кең ауқымды құрылыс». Себебі «Халықтық құрылыс» кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер пайда болады. Жұмыс орындары ашылады. Қысқасы, «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналады. Бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар, атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары салынады».
Мемлекет басшысы: «Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейді».
«Жалпы, ауқымды құрылыс жүргізу, цифрлық экономика құру, логистика инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу – ұлтымыздың болашаққа ұмтылысын айқындайтын аса маңызды міндеттер. Бұл жұмыстың бәрін сапалы орындау үшін, ең алдымен, кәсіби даярлығы жоғары, білікті мамандар, тіпті, жаңа мамандық иелері қажет болады. Демек, «Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейді. Ғылым саласы бұл ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек деп санаймын. Сондықтан бүгінгі жиынның өте өзекті екені анық».
Президент: «Қазақстан адам капиталына басымдық беріп, нақты стратегиялық таңдауын жасады».
«Дүние жүзі елдің мәртебесі мен орны зияткерлік қуатына және инновациялық қабілетіне қарап анықталатын жаңа кезеңге қадам басты. Жаһанда таланттар мен технологиялар үшін бәсекелестік күшейді. Осындай заманда Қазақстан адам капиталына басымдық беріп, нақты стратегиялық таңдауын жасады. Яғни, біз, ең алдымен, отандық және шетелдік білікті маманды жоғары бағалаймыз. Жаңа Конституциямызда білім, ғылым және инновацияны ұлтымыздың келешек дамуының стратегиялық діңгегі ретінде бекіттік. Бүгінгі форумға қатысып отырған ардақты ғылыми қауым өкілдері, университеттер басшылары мен халықаралық серіктестер біздің жаңа стратегиямызды мұқият саралап, асқақ мұратымыздың жаңашыл рухын лайықты түрде бағалайтынына сенімдімін».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті».
«Білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды. Қазіргі және одан кейінгі үкіметтер оны тиісті деңгейде орындауға тиіс. Бүгінде Қазақстанда 132 университет бар. Онда 800 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлген қаржының көлемі екі есе көбейіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ ұдайы артып келе жатқан сұранысты өтеу үшін елімізде 281 студент жатақханасы бой көтерді. Бұл шаруа алдағы уақытта да жалғасады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары еліміздегі ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті».
Мемлекет басшысы: «Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты».
«Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту, ғылыми байланысты тереңдету – қазіргі заман талабы. Біз бұл мәселеге айрықша мән береміз. Қазақстанда осы саладағы халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім іске асырылып жатыр. Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар. Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды. Сонымен қатар қазір Қазақстанда білім алғысы келетін шетел жастарының саны да көбейіп жатыр. Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. 2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін».
Президент: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру».
«Біз кейінгі уақытта қол жеткізген бірқатар жетістігімізді мақтан тұтамыз. Мәселен, 18 университетіміз биылғы QS World University Rankings тізіміне енді. Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылды. 2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жоғары көрсеткішпен көш бастап, орнықты өсім көрсетіп келеді. Алайда жаһандық бәсекелестік қызған кезеңде бізге арқаны кеңге салуға болмайды. Қазақстан жоғары білімнің, ғылымның және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтуды көздейді. Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу. Ғылым мен білімде жаттандылыққа, формализмге жол беруге, сайып келгенде, өзіңді алдауға болмайды».
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қазір ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының бірінші кезеңінен өттік деп айтуға болады. Осыған байланысты министр Саясат Нұрбекке ризашылығымды білдіремін. Әлемнің жетекші оқу орындарымен жемісті серіктестік орнатып, көптеген шетелдік университеттің филиалдарын аштық. Білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту басталды. Елімізде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп келеді. Оқу орны Қазақстан мен Ресейдің білім-ғылым саласындағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналды. Жақында аталған филиалдың ашылғанына 25 жыл болды. Мерейтойлық датаға орай білім ошағына барынша қолайлы, маңызды міндеттерді орындауға бейімделген жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. Былтыр Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашты. Іргелі оқу орнының өкілдігі дипломатия, экономика мен цифрлық технология бағыттарында сұранысқа ие мамандар даярлауға кірісіп кетті. Астана қаласында институтқа арналған жаңа ғимарат салу қолға алынды».
Мемлекет басшысы: «Біз халықаралық академиялық серіктестіктің мықты базасын құрдық».
«М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің серіктестігі аясында заманауи оқу-зертхана корпусы мен жатақхана бой көтерді. Биыл бірлескен оқу бағдарламасын аяқтаған алғашқы түлектер бірден Қазақстан және Америка университеттерінің дипломына ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Кардифф университетінің филиалы қызметін бастады. Бұл – британиялық жоғары оқу орнының алғашқы халықаралық кампусы. Бұдан бөлек, Ковентри университеті, Мәскеу инженерлік физика институты, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті сияқты оқу ордаларына арналған кампустар салынып, кеңейтіліп жатыр. Ірі қалаларымызда атом саласына, жасанды интеллект пен креативті индустрия бағыттарына келешек мамандар даярлау жолға қойылуда. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі сапалы білім басқа өңірлерге де қолжетімді болуы керек деп санаймыз. Сондықтан шетелдік филиалдарды орналастыратын жерді таңдаған кезде облыстардың салалық мамандануы мен кадрлық қажеттілігі ескеріледі. Бір сөзбен айтқанда, құрметті қонақтар, әрине, сіздердің көмектеріңізбен халықаралық академиялық серіктестіктің мықты базасын құрдық. Ол үшін барша әріптестерімізге және достарымызға ризашылығымызды білдіреміз».
Президент:
«Енді мен білікті кадрлар, ғылыми жетістіктер және инновациялар арқылы елімізде әлемдік деңгейдегі білімді орнықтыру жөнінде міндет қойдым. Академиялық хабты дамытудың екінші кезеңінде біз белсенді ғылыми ынтымақтастыққа, бірлескен зертханалар ашуға және серпінді технологиялық жобаларды жүзеге асыруға баса мән беруді жоспарлап отырмыз. Осы орайда, біз жетекші шетелдік университеттерге барынша қолайлы жағдай жасауға және ғылыми-зерттеу бағытындағы жаһандық ынтымақтастық аясын кеңейтуге айрықша назар аударамыз».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды».
«Қазақстан сенімді серіктес ретінде Конституциядағы «Заң және Тәртіп» қағидатының тұрақты, болжамды әрі ашық ортаның берік негізіне айналуын қамтамасыз етеді. «Заң және Тәртіп» – жай ғана мемлекеттік саясаттың бір қағидаты емес. Ол – менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады. Елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарымен астасып, біте қайнасып жатыр. Конституциямызда заң мен сот алдында бәрі тең екенін анық жазу арқылы осы өзгерістердің нәтижесін бекемдей түсеміз. Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргіземіз. Бұл – біздің табанды ұстанымымыз. Бұған дейін айтқанымдай, жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды. Жемқорлық – кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі келтіреді және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды «қамқоршылары» да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бірдей болуға тиіс. Сонда ғана біз реформаларды соңына дейін жеткізіп, ел-жұртымыздың үмітін ақтай аламыз».
Мемлекет басшысы:
«Халық сенімін арттыруға батыл түрде кірістік. Сондықтан әлемнің маңдайалды университеттерімен өзара тиімді серіктестікті нығайтуға мол мүмкіндігіміз бар. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің тәжірибесі – ортақ міндеттерді орындап, елеулі нәтижеге қол жеткізуге болатынына айқын дәлел. 2023 жылы аталған оқу орнында Тяньцзинь кәсіби университетімен серіктестік негізінде еліміздегі алғашқы Лу Бань шеберханасы ашылды. Бүгінде осындай шеберханалар Астана мен Алматы қалаларында да жұмыс істей бастады. Аталған табысты тәжірибені экономикамыздың игілігі үшін кеңінен таратып, инжиниринг, технология, цифрландыру және табиғи ресурстар, соның ішінде сирек жер металдары мен аса маңызды минералдар салаларына баса мән бергеніміз жөн. Сондықтан бізге индустриялық және басқа да серіктестерді кез келген қауіп-қатерден қорғап, жобалардың тікелей нарыққа шығуын қамтамасыз ететін кешенді қаржылай қолдау жүйесін қалыптастыру керек».
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылданды.
«Тағы бір маңызды мәселе. Бүгінде Қазақстанда үш ірі қала бар. Соның ішінде Астана мен Алматы еліміздің зияткерлік, ғылыми және мәдени орталығы болып саналады. Себебі бұл қалаларда Қазақстандағы жетекші ұлттық университеттер орналасқан. Ендігі кезекте Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалды. Шаһарда Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды. Бүгінгі форумға бұл университеттің ректоры, профессор Угур Унал қатысып отыр. Бүгін сөз сөйледі. Сізге ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет. Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым. Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс».