Ормуз бұғазында экологиялық қауіп күшейді

АҚШ-Иран соғысының экономикаға ғана емес, экологияға да зардабы тиіп отыр. Қарулы қақтығыс басталғалы бері Парсы шығанағы, Ормуз бұғазы мен Араб теңізінде мұнай төгілген 600-ден астам ошақ тіркелді. Бұл жергілікті экожүйе үшін үлкен қауіп, деп хабарлайды 24KZ.

Бұдан бөлек, Парсы шығанағында теңіз суын тұщыландыратын зауыттар орналасқан. Осы арқылы аймақтағы миллиондаған тұрғын ауыз суға қол жеткізіп отыр. Ал мұнай төгілсе, шикізат су және энергетика нысандарын зақымдауы мүмкін.

Ормуз бұғазын жүзіп өткен спортшы

Бұл – Льюис Пью. Британиялық жүзуші әрі БҰҰ-ның мұхиттарды қорғау жөніндегі қамқоршысы Ормуз бұғазында үш күнде 15 шақырымды жүзіп өтті. Мақсат – соғыстың экологиялық салдарына назар аударту. Жолда қауіп болмады емес, болды, әрине. Суға түскен бетте көп ұзамай жақын маңда танкер жарылды. Жүзушінің көз алдында кеме қызыл жалынға оранды. Льюис Пью – қақтығыс басталғалы бері Ормузда ұзақ қашықтыққа жүзген алғашқы адам.

Льюис Пью, спортшы, БҰҰ мұхиттарды қорғау жөніндегі қамқоршысы:

– Сапарымның бірінші күні екі рет жарылыстың дыбысын естідім. Күллі теңіз шайқалғандай болды. Басымды көтерген сәтте төрт шақырым жерде мұнай танкеріне шабуыл жасалғанын байқадым. Сондықтан жүзуді дереу доғарып, кері қайттық. Екінші күні сапарға қайта шықтым. Төрт сағаттан соң, таудың арғы жағынан көтерілген қап-қара түтінді көрдім. Кейін газ тиеген кеме жанып жатқанын көрдік. Көліктің маңындағы су жанып жатты. Мұндайды бірінші рет көруім. Ал химикаттардың иісіне тұншыға жаздадық.

Ормуз бұғазы – мұнай мен газ тасымалдайтын стратегиялық маңызы бар өткел ғана емес. Ең алдымен, ол – алуан түрлі теңіз жануарлары мен өсімдіктердің тіршілік ортасы. Ормуз – Парсы шығанағы мен Араб теңізін жалғастыратын жалғыз теңіз жолы. Су мен қоректік заттардың алмасуында шешуші рөл атқарады. Мұнда дюгоньдар, теңіз тасбақалары, кит акулалары мен дельфиндер мекендейді. Парсы шығанағында сирек кездесетін 7 мыңдай дюгонь тіршілік етеді. Бұлар тек теңіз шөбімен қоректенеді. Судың ластануынан жануарлар азықсыз қалуы мүмкін. Тағы да бұл аймақта Араб өркешті киттері мекендейді. Табиғатты қорғау ұйымдарының мәліметіне қарағанда, әлемде дәл осындай жүз шақты кит қана қалған. Олар шалғайға қоныс аудармайды және негізінен Араб теңізі аймағында тіршілік етеді. Жалпы Парсы шығанағы жер жүзіндегі ең қолайсыз теңіз аймақтарының бірі. Жазда мұндағы су температурасы 36 градустан асады, тұздылығы да өте жоғары. Бұған теңіз ағзалары әбден бейімделген, төзімді келеді. Алайда судың мұнай және газбен ластануына қарсы тұруы екіталай. Льюис Пьюдің айтуынша, зақымданған танкерлерден тараған мұнайдан маржан рифтері, мангр ормандары мен жағалаудағы экожүйелер қатты зиян шегіп, ондаған жыл бойы қалпына келе алмауы мүмкін.

Льюис Пью, спортшы, БҰҰ мұхиттарды қорғау жөніндегі қамқоршысы:

– Ормуз бұғазы өмірімде көрген ең әсем жерлердің бірі. Қайығымыздың соңынан ерген көптеген дельфинді тамашаладық. Теңіз тасбақалары мен үлкен скаттарды да кездестірдік. Бұл – табиғат әлемінің нағыз баға жетпес қазынасы. Қазір кемелер суға батып, зақымданып жатқандықтан, бұл аймақ үлкен қауіп-қатерге ұшырап отыр. Оның салдарын жойып, табиғатты қалпына келтіру үшін ондаған жыл қажет. Менің сапарым соғыстың қоршаған ортаға тигізіп жатқан зардабына назар аудару үшін ұйымдастырылды. Біз бұғаздағы кеме қатынасын жандандырып, аймақтағы экологиялық жағдайды ретке келтіруіміз қажет.

Иранға қарсы соғыс басталғалы бері Парсы шығанағы, Ормуз бұғазы мен Араб теңізінде мұнай төгілген 609 ошақ тіркелді. Мұнай дақтары анықталған аумақтың жалпы көлемі шамамен 21 мың шаршы шақырым. Аймақта 148 кеме шабуылға ұшырады. Бұл – Greenpeace ұйымының дерегі. Ақпарат құралдары тақауда Tara Gas танкеріне екі рет шабуыл жасалғанын хабарлаған еді. Сұйытылған табиғи газ тиеген кеме зақымданған жағдайда өрт туындау қаупі жоғары. Дегенмен мұнай танкерлеріне қарағанда теңіз суын ластау деңгейі төменірек.

Саймон Боксолл, Саутгемптон университетінің бас оқытушысы:

– Теңіздегі мұнайдың қалыңдығы қанша екенін білмейміз. Мәселе сонда. Егер жұқа болса, тез таралып кетуі мүмкін. Ал қалың болса, жағажайға жетіп, теңіз түбіне шөгеді. Одан арылу үшін біраз уақыт қажет болады.

Парсы шығанағында теңіз суын тұщыландыратын зауыттар орналасқан. Олар аймақтағы миллиондаған тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етеді. Францияның Ifri ғылыми-зерттеу институтының мәліметіне қарағанда, Сауд Арабиясы ауыз су қажеттілігінің шамамен 70 пайызын тұщыландыру арқылы өтейді. Ал Кувейтте бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін барады. Қазір акватория аумағының шамамен 19 пайызы, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатардың жағалауларында қауіп жоғары. Мұнай төгілсе, шикізат үш күнге жетер-жетпес уақытта су және энергетика инфрақұрылымының маңызды нысандарын зақымдауы мүмкін.

Саймон Боксолл, Саутгемптон университетінің бас оқытушысы:

– Парсы шығанағы елдері мұнай мен газға бай болғанымен, мұнда су тапшы. Сондықтан олар теңіз суын тұщыландыратын зауыттарға тәуелді. Егер мұнай зауыттың жүйесіне түссе, кешен істен шығуы мүмкін. Тазалау мен жөндеу жұмыстары бірнеше аптаға созылады. Сол себепті қауіп төнген бойда стансаны тоқтатып тастау керек.

Иә, Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан әлем экономикалық тұрғыда айтарлықтай шығынға батты. Бірақ мұның экологиялық зардабы да орасан. Алайда оған бас ауыртып жатқандар кемде-кем. Қазір Парсы шығанағында әлі 400-дей кеме қаңтарылып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз: