Денсаулық сақтау вице-министрі мен Бас санитар COVID-19 қарсы вакцина салдырды

Еліміздің бас санитарлық дәрігері вакцина алды. Ерлан Қиясов бүгін 6-емханада болып, өзіне екпе салғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Артынша Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният та егілді. Олар тиісті ем-шарадан кейін арнайы бөлмеге жайғасты. Талапқа сәйкес, екпеден кейін де пациент жарты сағат емханада болады. Дәрігерлер жағдайы жақсы екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана үйіне жібереді. Дәрі ағзаға бірден көп мөлшерде енгізілмейді.

Айта кетейік, халықты вакциналауға бюджеттен 50 млрд теңге бөлінген. Кеше елімізге Ресейде өндірілген «Спутник V» дәрісінің алғашқы партиясы жеткізілді. Шамамен 22 мың доза. Бастапқыда қауіптің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлері егіледі. Наурызда Жоғары оқу орнының оқытушылары мен мұғалімдері. Ал сәуірде студенттер мен балабақша қызметкерлері, созылмалы ауруы бар жандар егіледі.

Ерлан Қиясов, ҚР денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары-бас санитарлық дәрігері:

– Мен басқарып отырған санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандары коронавирусқа қарсы вакцинаны алғаш болып салғызатындар қатарында. Мен өз қалауым бойынша бүгін осында келіп, вакцина алдым. Өздеріңіз оған куә болдыңыздар. Дәрігер сіздердің көзіңізше тоңазытқыштан вакцинаны алып шықты. Ешқандай теріс әрекеттер жасалған жоқ.