Тәуелсіздік жылдары елімізде заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты

Тәуелсіздік жылдары елімізде заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтары иегерлерін салтанатты марапаттау рәсіміне қатысты.

Кейінгі 15 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқауда 150-ден астам компания Президент марапатын иеленді. Отандық бизнестің елімізді индустрияландыру үдерісіне қосқан үлесі зор. 10 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы еншісі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 13 процентке жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер әлемнің 131 мемлекетіне экспортталады. Президент 2025 жылға қарай көрсеткішті 1 жарым есеге, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру міндетін жүктеді. Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. Олар 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан. «Алтын сапа» конкурсының «Үздік индустриялық жоба» номинациясын қарағандылық «YDD Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иеленді, «Үздік инновациялық жоба» аталымында Ақмола облысының ««Агрофирма TNK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үздік атанды. Ал «Парыздың» бас жүлдесіне Ақтөбедегі «ПО Глобал-Спецодежда» серіктестігі мен батыс қазақстандық «Karachaganak Petroleum Operating B.V» мекемесі лайық деп танылды. Жеңімпаздарды Президент құттықтап, жүлделерін Премьер-министр табыстады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биылғы салтанатты жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналуда.