2021 жылы Қазақстанның дипломатиялық қатынасы қай бағытта өрбіді

Биыл Қазақстанның Орталық Азия аймағында дипломатиялық белсенділігі артқан. Бұған Қазақстан Президентінің өңір елдеріне жасаған ресми сапарлары дәлел деп хабарлайды Хабар 24.

Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түрікменстан мен Тәжікстанға екі мәрте барған. Сондай-ақ Еуроодақ астанасы Брюссель мен Женеваға сапары Қазақстанның rәрі құрлық елдерімен байланысын нығайтуға үлес қосты.

2021 жыл Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы дипломатиялық қатынасты дамытуға құлшынысы байқалады.

ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының айтуынша, бүгінде өңірде қарым-қатынастың жаңаруы байқалады. Қазақстанның бұл бағыттағы жұмысы да жаңа биікті бағындырды.

Әсел Назарбетова, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

– Оның бір дәлелі ретінде біз осы 2021 жылғы 6 тамыздағы Түрікменстанның Түрікменбашы қаласында өткізілген Орталық Азия басшыларының 3 консультативтік кездесуін айтуға болады. Түрікменстандағы өткен кездесу барысында мемлекет басшысының айтуында Қазақстан осы аймақ мемлекеттеріне экспортының көлемін 1 млрд-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Яғни мұндай мүмкіндіктер басқа да мемлекеттерінде бар.

Түрікменстанда тамызда өткен консультативтік кездесуден кейін Қазақстан Президенті қазан айында тағы барып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланысты нығайтуға уағдаласты. Бауырлас елмен алыс-берісті арттыру келісілді. Орталық Азия елдерінің мүдделері тоғысатын бір мәселе бар – ол аймақтағы қауіпсіздік. Әсірес  Ауғанстандағы ахуал көп елді алаңдатып отыр.

Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде де, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кеңесінде де ауған халқының мәселесіне баса мән берілді. Душанбеде өткен қос жиында да Қазақстан тәліптердің биілігін мойындамайтынын, бірақ қарапайым халықтың мүддесін ескерусіз қалдырмайтынын білдірді. Душанбе демекші, биыл Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретіндегі әрі пандемия кезіндегі алғашқы сапарын осы елден бастап еді. Мамырда тәжік президенті Эмомали Рахмонның шақыруымен барып, қос елдің алыс-берісін, көлік-логистикалық және мәдени байланысын жандандыруға уағдаласты.

Бейбіт ұстанымдағы еліміз Орталық Азия ғана емес Сары құрлықтың өзге де елдерімен тығыз байланыста. Оның ішінде әрине Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея бар. Бұл ретте Президенттің биыл Сеулге жол түскенін айта кеткен жөн. Мемлекеттік сапар кезінде Оңтүстік Корямен қатынасты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған келіссөздер жүргізілді. Ықпалдастықтың тың бағыттары айқындалды. Жалпы Қазақстан Азия елдерімен екі жақты байланыс орнатумен шектелмейді. Оның ғаламдық деңгейдегі дипломатиялық миссиясының жөні бөлек.

Әсел Назарбетова, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

– Қазіргі кезде Қазақстан Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесте төрағалық етуде. Соған байланысты Азия құрлығын біріктіруге және сол жердегі қауіпсіздік мәселелерін шешуге өте үлкен жұмыстар атқарылып жатыр қазір Қазақстанның төрағалығы барысында. Соған байланысты ұйымның транформациясына да көп көңіл бөлініп жатыр. Яғни оның кеңестен ұйымға өзгерту, яғни деңгейін жоғарылату.

Айта кетерлігі, кеңеске 28 мемлекет мүше. Араларында мүдделері мүлде тоғыспайтын Үндістан-Пәкістан сияқтылары бар. Сол себепті бітімгерлікке үндейтін еліміз бұл кеңестің құқықтық мәртебесін жоғарылатуға көп күш жұмсайды. Еуропалық Одақтың Қазақстанды аймақтағы стратегиялық маңызды әріптес ретінде қарастыруы да содан. Бұған кеңейтілген әріптестік жөніндегі ауқымды құжатты Еуроодақтың 27 елі ратификаттағаны дәлел. Стратегиялық байланыс кәрі құрлықпен алыс-берісті пандемияға дейінгі деңгейге жеткізуге сеп болған. 

Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:

– Биыл Еуропа тарапынан жаңа инвестициялардың тартылғанын атап өтуге болады. Яғни жүрдек пойыз, тасымалдау саласы ғана емес, Қазақстанның жасыл экономикасына қаржы тартылған. Осыдан-ақ көліктік байланыстан бөлек, адамдардың өзара байланысы нығайғанын аңғаруға болады. Президент Тоқаевтың Брюссельге сапары да жылдың айшықты оқиғасы болды деп айтар едім. Біз көптеген мәселені талқылап, алдағы уақытқа жоспарларды айқындадық.

Иә, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропаға сапары бірқатар саладағы әріптестікті нығайтуға жол ашты. Екі жақты кездесулерде еуропалық сапа стандарттарын енгізу, баламалы энергия өндірісі, ғылым-білім, инновация бағытындағы байланыс орнату мәселелері қамтылған.

Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:

– Еуроодақ тәжірибені бөлісуге әзір дегенде, дамыған 27 елдің ең үздік тәжірибесіне үңілу мүмкіндігі бар деп қарастыру керек. Расымен, Қазақстан сенімді серіктес ретінде Еуропаның кез келген тәжірибесін зерделеуге, өзіне керегін, өзіне жарамдысын ала алады. Әрине су, отын-энергетика саласындағы тәжірибені де зерттей алады. Мәселен, суды ауыл шаруашылық мақсатта қолданумен қатар, су ресурстарын экономикалық тұрғыдан пайдаланудағы мемлекетаралық қатынасты зерттеу тиімді болады.

Иә, Қазақстанның алыс-жақын елдермен дипломатиялық қатынасын бір сюжетке сыйғызу мүмкін емес. Жаһандану кезеңінде ешбір мемлекет сын-қатерден жалғыз өте алмайды. Пандемия осыны тағы айқындап берді. Қазақстан үшін де, әлем үшін де тиімді сыртқы саясат жүргізу аса маңызды. Дипломатиялық қатынас орнату ұзақ жылды қажет ететінін ескерсек, Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз әлем қауымдастығын мойындата білді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Марат Диханбаев, Асхат Қарақойшиев