Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай енгізілді
Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдайды енгізу туралы жарлыққа қол қойылды.
Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына, «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
- Азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында 2022 жылғы 5 қаңтардағы 16 сағат 00 минут пен 2022 жылғы 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының шекараларында төтенше жағдай енгізілсін.
- Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізілсін.
- Төтенше жағдайдың кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы құрылып, оған «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген өкілеттіктер берілсін.
Нұр-Сұлтан қаласының коменданты болып Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Сәденов Ержан Сапарбекұлы тағайындалсын.
- Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізілсін:
1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
2) Нұр-Сұлтан қаласында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектелер белгілесін;
3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;
4) Нұр-Сұлтан қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;
5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын;
6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;
7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгіленсін;
8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.
- Төтенше жағдайдың режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі белгіленсін.
- Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры осы Жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қажетті қаражатты бөлсін.
- Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев