Наурыз – құт-берекенің бастауы

Ел наурыз мейрамын тойлағанда күн мен түн теңеседі. Дәл осы уақыттан бастап күн ұзара бастайды. Даладан суық ығысып, жылы леп еседі. Самарқанның көк тасы жібиді. Малдың аузы көкке, адамның аузы аққа жетіп, мамыражай күн туады.

Ел атам заманнан бері тойлаған наурыз мейрамын Кеңес өкіметі бұдан 100 жылдай бұрын күштеп тоқтатты. Тек 1988 жылдан бастап жылымық туып, ел ағаларының ақылымен қайта тойлай бастадық. Ал 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп бекітті. Олардың мәліметі бойынша бұл мерекені 300 миллион адам тойлайды. Ал UNESCO  2009 жылы Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес, мәдени мұра тізімі деп таныған.