Ресейге салынған санкция автонарыққа қалай әсер етеді?

autostat.ru

Біздің елде әлемдік брендтер шығарылуы мүмкін бе? Ресейдегі геосаяси ахуалдың қалай құбылатыны беймәлім. Бірақ мамандар кез келген жағдайға дайын болу керек дейді. Мысалы, әйгілі брендтердің өкілдіктері көпшілік сұранысындағы көліктерді Қазақстанда шығаруға ұсыныс білдіруі ықтимал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бұл автонарыққа қалай әсер етеді? Елімізде көлікке сұраныс артқан. Бірақ салондар бос тұр. Бұл Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән мәселе. Ең әуелі пандемия, микросхемалардың жетіспеушілігі, тізе берсең өндіріске кедергі көп. Сөйтіп дайын көліктің құны шарықтап кетті. Жыл басынан бері елдегі орташа баға 12-15 процентке артқан. Ал Ресейде шетелдік көліктер құны 24 процентке дейін өсті. Қазір мұндағы жағдай оңып тұрған жоқ. Демек, баға да аспандай береді. Сарапшы Артур Мискорянның айтуынша, Ресей аумағында Жапония, Корея, Еуропа брендтерінің өкілдіктері бар. Қазір көбі ондағы жұмысын уақытша тоқтатып жатыр. Яғни кейбір әйгілі көлік маркалары енді бізде өндірілуі мүмкін. Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының атқарушы директоры Алмас Дүйсенбай да отандық құрастырушы зауыттарға осынау сәтті ұтымды пайдалануы керек дейді. Оның сөзінше, өндірісті дамытып, көліктерді Ресей нарығына шығаруға болады. Бірақ бір брендті толықтай шығаруға уақыт керек.

Алмас Дүйсенбай, Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының атқарушы директоры:

– Әрине, біріншіден, біздің нарығымыз кішкентай. Оны дамыту үшін оны көбірек жасау керек. Ол себестоймостке байланысты. Оны экспортқа шығару керек. Ол үшін әр мемлекеттің өз талабы бар. Бізде де өз нарығымызды қорғау керек. Өз өндірісімізді дамыту керек. Әр мемлекет өз өндірісін қорғайды. Сондықтан оны бір сөзбен айта салу қиын деп санаймын.

Жыл басынан бері әлемде 12 млн 340 мыңнан аса көлік сатылды. Өткен айда сатылым бойынша Қытай көш бастады. Мұнда 1,7 млн данасы шет ел асқан. Бұл былтырғымен салыстырғанда 24 процентке көп. Сатылым лидерлерінің қатарында АҚШ пен Батыс Еуропа елдері бар. Қазақстанда да соңғы бес жылда көлік жинау мен сату көрсеткіші артып келеді. 2019 жылы елде 50 мың көлік құрастырылса, 72 мыңы сатылған. Содан бері жыл сайынғы көрсеткіш 25 процентке артып отырған. Былтыр 118 мың көлік иесін тапты. Сатылған темір тұлпарлардың 60 проценті отандық өнімдер.

ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨЛЕМ РЕЕСТРІН ЖАҢАРТТЫ

Ұлттық Банк төлем жүйелерінің реестрін жаңартты. Қазір елде оның 19-ы жұмыс істейді. Әсіресе банкаралық ақша аудару жүйесі белсенді қолданыста. Ол арқылы валюта мен бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың, банк секторының және мемлекеттік бюджет төлемдерінің 91%-тен астамы төленеді. Жүйе жұмысын қазақстандық банкаралық есеп айырысу орталығы қамтамасыз етеді. Ал банкаралық клиринг жүйесі арқылы бөлшек төлемдердің 50%-тен астамына қызмет көрсетіледі. Visa мен Mastercard және «Золотая корона» сынды халықаралық төлем жүйелері де маңыздылар санатында. Қалған 14-і өзге төлем жүйелеріне жатқызылады.

АЛТЫН ҚҰНЫ 2000 ДОЛЛАРДАН АСУЫ МҮМКІН

Әлемде алтын қымбаттады. Бағалы металдың бір унциясы 1962,20 долларға сатылады. Бұл 11 наурыздан бергі ең үлкен көрсеткіш. АҚШ Ресейге санкция жариялағалы бағалы металға сұраныс артқан. Өткен айда сенімді актив ретінде танылған алтынның құны 2000 доллардан асып кеткен еді. Бұл жүйе жақында проценттік мөлшерлемені жедел арттыруға ниетін білдірді. Соңғы болжамдарға сай алтын бағасы әлі де 1875-2000 доллар аралығында құбыла береді. Бірақ Ресей мен Украина бір мәмілеге келмесе, одан да қымбаттап кетуі ықтимал.