Қазақстан мұнайдың 80%-ін Каспий құбыр консорциумы арқылы экспорттап келген

Жығылғанға жұдырық дейміз бе, қалай? Қазақстан қара алтынның 80 процентін дәл осы құбыр арқылы экспорттап келген еді. Енді тасымалдауды уақытша тоқтатуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл табыстан қағылдық деген сөз. Оның салдары қандай боларын бағамдай беріңіз. Бүгін ғана Каспий құбыры желісі консорциуымы басшылығы арнайы мәлімдеме жасады. Олар мұнай тасымалдауды тоқтаттық. Азғантай ғана қорымыз бар. Бүгін-ертең ол да бітуі мүмкін деп ашық айтты.

Каспий құбыр желісі консорциумы екі қондырғының жұмысын уақытша тоқтатты. Оған Новороссийсктегі қатты дауыл әсер етіп, енді құбырды жөндеу жұмыстары ұзаққа созылуы мүмкін. Ол құбыр желісінің өткізу мүмкіндігін төмендетіп отыр. Бұл туралы ұйымның бас директоры Николай Горбань мәлімдеді. Мұнда уақытша шығару айлақтық құрылғыларын пайдаланбау туралы шешім қабылданған еді. Қазір біздің энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумымен теңіз терминалының жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша кеңесіп, баламалы бағыттар бойынша мұнайды экспортқа жөнелту мүмкіндіктері пысықтап жатыр.

Николай Горбань, Каспий құбыр консорциумының бас директоры:

- Былтыр 585 танкер босатылған еді. Басты бағыттарды жіктер болсам, Италия 213, Франция 39, АҚШ 26, Испания 41 танкер жібердік. Қазіргі жағдай реттелмесе, оның саны азайып кетері анық.

Каспий құбыр консорциумы - отандық мұнай үшін негізгі экспорттық бағыт. Құбыр арқылы айдалатын "қара алтынның" 80%-тен астамы Қазақстаннан жөнелтіледі. Магистральдің жылдық қуаты 67 млн тонна мұнайды құрайды. 

Айта кетерлігі, 2001 жылдан бері осы күнге дейін Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры жүйесі арқылы әлемдік нарыққа 766 млн 973 мың тоннадан аса мұнай шығарылған. Соның 668 млн 967 мың тоннадан астамы отандық мұнай. 

Жалпы еліміздегі «қара алтынды»  Қытай,  Италия, Франция, Оңтүстік Корея, Түркия, Испания, Нидерланды, Португалия, Үндістан елдері тұтынады. 

2021 жылғы дерек бойынша елден Италияға 17 млн 912 мың 964 тонна мұнай экспортталған. Сату бағасы 8 млн 624 мың АҚШ долларды құраған. Ал Нидерланд мемлекетіне 3 млн 732 мың АҚШ долларға 8 млн 188 мың 826 тонна мұнай жөнелтілді. Сондай-ақ экспорттың 7 проценті Францияға тиесілі. Жалпы отандық мұнай 25 елге сатылған. 

Еске салайық, Каспий құбыр консорциумының алғашқы сатысында жылына 28 миллион тонна мұнай өткізу мүмкіндігі болған. Құбырдың жалпы ұзындығы 1510 шақырым. Оның 452 шақырымы республикамыздың аумағынан өтеді. Консорциумының желісіне Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ кен орындарынан мұнай келіп құйылады.

Наргиз Бекмағанбетова