Тоқаев Ердоғанға ынтымақтастықты арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді

Анкарадағы «Эсенбоға» әуежайында айына 5 млн-нан астам жолаушы келіп кетеді. Күніне жүздеген рейс келіп қонады. Бүгін әуежай Түркияға мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаев мінген нөмірі бірінші бортты қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Анкараның қақ ортасында орналасқан Анытқабір барша түріктердің қастер тұтар орны. Мұнда Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Ататүріктің сүйегі жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік сапарын біртуар тұлғаның рухына тағзым етуден бастады. Әуежайға түскен бойда бірден кесенеге келіп, гүл шоқтарын қойды.

Ал, бұл Ердоғанның әйгілі сарайы. Ашық дереккөздер шамамен 600 млн долларға тұрғызылғаны жазылып жүр. Көлемі Кремль мен Ақ үйден бірнеше есе үлкен, 150 мың шаршы шақырымды алып жатыр. 1000 бөлмесі бар. Сарайдың алды бүгін абыр-сабыр, сап түзеген сарбаздар қазақ Президентінің құрметіне жиналып тұр. Реджеп Тайып Ердоған әріптесін сарай алаңында қарсы алды.

Бір байқағанымыз, бұл кездесуді жергілікті ақпарат құралдары да елеулі саяси оқиға, сондықтан ерекше назарда ұстап отыр. Таң атпай жергілікті арналар қазақ президентінің сапары жайлы жарыса хабар таратып жатыр. Өйткені, бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент лауазымына кіріскеннен бергі Түркияға жасаған ең алғашқы Мемлекеттік сапары.

Фуат Октай, Түркия Республикасының вице-президенті:

– Екі мемлекет басшыларының министрлер кабинетімен бірге бір елдің үкімет мүшелері секілді жоғары деңгейде кездесу өткізуі қарым-қатынасымыздың қаншалықты жоғары деңгейде екендігін білдіреді. Бұған дейін арадағы сауда көлемін он миллиард долларға жеткізу туралы меже қойған болатынбыз. Қазір соның жартысын еңсердік.

Күздігүні біздің Президент жұмыс сапармен Стамбұлға келіп кеткен болатын. Одан кейін де Ердоғанмен екеуі бірнеше рет телефон арқылы сөйлесті. Бір-біріне жиі жеделхат жолдап отырады. Бұдан бөлек онлайн жиындарда да жиі пікірлесіп тұрады. Бірақ бетпе-бет жүздесудің жөні бөлек. Қасым Жомарт Тоқаев саяси әріптесіне өзін қасиетті Анадолы жеріне арнайы шақырғаны үшін алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан үшін Түркиядан ешқандай жамандық болған жоқ. Тек жақсылықты көргенбіз. Әлі күнге дейін солай болып тұр. Түркия бауырлас достас мемлекеттер. Алғашқы елшілігіміз Анкарадан ашылған. Мұның символдық мәні зор. Жалпы Түркия өте маңызды стратегиялық серіктес болып табылады. Мен бүгін Ердоғанның ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі үшін рахметімді білдірдім.

Қаситеті Анадолы жеріне жеткеніне жетпіс жыл болды. Сол кезде Мендерес құшақ жая қарсы алды.

Ал, Ердоған бауырлас қазақ халқына қаралы қаңтар оқиғасына байланысты көңіл айтты. Қандай қиын сәт туса да қазақпен бірге екенін білдірді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

– Біз бауырлас қазақ елінің кең көлемді реформаларын қолдаймыз. Қазақстанның тұрақтылығы, бейбітшілігі үшін әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Кез келген жағдайда қазақ бауырларымызбен бірге екенімізді айтқым келеді. Он тоғыз млн халқы бар Қазақстан мен 85 млн халқы бар Түркия ынтымақтаса қимылдаса оның қаншалықты маңызды екенін түсіне беріңіз. Біз бүгін Украинада жағдайдың аймаққа тигізер әсері жөнінде де сөйлестік. Біздің бейбітшілікті қолдау туралы көзқарасымыз бір жерден шығып отыр. Біз Украинадағы жағдайдың бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз. 

Қазір Қазақстан мен Түркия арасында 150-ге жуық бірлескен жоба бар. Қазақстанда Қазақстанда 3700-дей бірлескен компаниясы жұмыс істейді.Түріктер негізінен біздегі құрылыс, текстиль, білім, ауылшаруашылығы саласына қаржы құяды. Мұндай инвестицияның көлемі 4 млрд. долларға жетті. Ал қазақстандық кәсіпкерлер бауырлас мемлекетке бір милиард доллар қаржы құйды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әсіресе, транскаспий аймағын маңызды. Қол қойдық. Бұл бауырластығымызыд бекемдейтін маңызды қадам. Екі ел де Еуразия құрлығындағы бейбітшілікті қамтамамыз етуге мән береді. Ал бүгін қол қойылған құжаттардың сүбелісі көлік саласы, ақпарат, экология саласына қатысты.

Еркебұлан Сәпиев, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

– Бұл құжат негізі Қазақстанмен Түркия арасында және басқа мемлекеттердің қатысуымен үлкен бір жақсы мүмкіндік береді. Мысалы халықаралық көлік дәліздері бар Таяу шығыс Кавказ қара теңіз Жерорта теңізі осы өңірде орналасқан елдермен бірге және тарихи маңызы бар біздің жібек жолын жаңартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ екі ел осы жол цифрландыру саласында да меморандумға қол қойды. Бұған дейін бұл салада мүндай келісімнің болмағанын айта кету керек.

Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш боп мойындаған мемлекет. Екі елдің қарым-қатынасы туралы айтқанда міндетті түрде осы деректі келтіреміз. Бұдан бөлек, екі елге ортақ дүниелер де өте көп. Тарихы бір, тілі мен діні де ортақ. Президент сапары кезінде қол қойылған 15-ке жуық құжат осы ортақ дүниелерді одан әрі бірлесіп дамытуға серпін береді деген сенім бар.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев