Қазақстан-Польша сауда айналымы 760 миллион долларға жеткен

Қазақстан мен Польша арасындағы алыс-беріс көлемі артып, 760 млн долларға жеткен. Алайда тауар айналымын көбейтудің мүмкіндігі әлі де зор.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Польша Сыртқы істер министрі Збигнев Рауды қабылдау кезінде айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Польшамен арадағы қарым-қатынасты қашан да жоғары бағалайтынын жеткізді. Президент Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасына жалпыұлттық референдумға дайындық барысы туралы айтып, елдегі маңызды науқанға баға беру үшін ұйымының өз миссиясын жіберу жөніндегі шешімін қолдады. Збигнев Рау өз кезегінде елдегі елеулі оқиғаға қатысты оң пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан үшін Польша маңызды әріптес екенін, тіпті Орталық Еуропадағы ең маңызды серіктес екенін атап өткім келеді. Қос ел арасындағы алыс-беріс былтыр 12 процентке артып, нәтижесінде 760 миллион долларға жетті. Арадағы сауда-саттықты ұлғайту үшін мүмкіндігіміз әлі де мол.

Збигнев Рау, Польша сыртқы істер министрі:

- Президент мырза, жүзбе-жүз кездесуге шақырғаныңызға көптен көп рахмет айтамын. Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі Төрағасы ретінде де келіп отырмын. Қазір Қазақстан үшін маңызды сәт екенін жақсы түсінемін. Екі күннің ішінде бірқатар кездесуге қатысып, жемісті нәтижеге қол жеткіздік деген ойдамын. Осы сапардан ұғынғаным мынау - алдағы референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізуде, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және нарықтық реформаларды ілгерілетуге күш салуыңыз қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Алдағы референдум оң өзгерістерге жол ашатын саяси ерік-жігердің айрықша белгісі.