Тоқаев: Азық-түлікті ысырап етуді тоқтатқан жөн

Тоқаев: Азық-түлікті ысырап етуді тоқтатқан жөн

Қазір біздің өңірлер үшін күмәнді контрсанкциядан гөрі Азия мен Таяу Шығыс нарығын тұтас қамтитын белсенді әрі оңтайлы сауда саясатын жүргізген тиімді. Ал Қазақстан қандай да бір «буферлік нарық» қызметін атқарар еді. Бүгін Петербург халықаралық экономикалық форумының алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ой айтты. Ол жаһанданудың орнына артық-кемі бар аймақтандыру дәуірі келді деп санайды. Сол үшін Еуразиялық экономикалық одаққа жаңа сауда стратегиясы қажет екенін мәлімдеді. Еуразиялық интеграцияны Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасымен ұштастыру маңызды міндет» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы он жылда достық ниеттегі Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері аймақтағы мемлекеттердің экономикасына қаржы салатын ірі инвесторлар болуы мүмкін. Қытай Қазақстанның экономика және сыртқы сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл ел соңғы 15 жылдың ішінде экономикамызға 22 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Сондықтан Қытаймен арадағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдете түсу еліміз үшін аса маңызды міндет. Бизнес байланысты нығайтып, жаңа көлік-логистикалық дәліздерін ашу қажет. Бұл елдеріміздің экономикалық өсімі үшін жаңа мүмкіндік туғызады деп ойлаймын. 

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіп кооперациясын дамытудың болашағы зор деп отыр. Ресейлік инвесторларға өнеркәсіп алаңдарын ұсынуға әзір екенін мәлімдеді. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше тоқталды. Қазір жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі нашарлап, жағдай тым күрделеніп кетті. Ресей мен Қазақстан осы сала бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі саналады. Сондықтан ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ең алдымен халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сенімді азық-түлік жүйесін құру үшін озық технологияларды енгізу керек және азық-түлікті ысырап етуді тоқтатқан жөн. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұлттық деңгейде де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да саралау керек. Осы ретте Одаққа мүше елдердің де мүддесі ескерілуІ тиіс. Келісіп жұмыс істемесе алға қойған мақсаттарға жету қиындай түседі. Яғни шектен тыс инфляцияға, азық-түлік тапшылығына қарсы күрес баршамызға ортақ міндет.