Алматының шеткері аудандарына көңіл бөлінеді – Президент

«Алматы бетоннан салынған орманға айналмауы тиіс».

Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматы жұртымен кездесті. Жиында мәлім болғандай, жыл соңына дейін «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданады. Бұл құжат екі аймақтың арасында өзара тығыз байланыс орнатуға негіз болмақ. 

Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE:

- Алматы Тәуелсіздігіміздің бойтұмары. Бұл қала талай тарихи сәтке куә. Осы жерде Егемендік декларациясына қол қойылды, Тәуелсіздігіміз жарияланды. Бүгінде Алатау бауырындағы қалада 2 миллионның үстінде адам тұрады.

Халық саны өсіп жатқан соң қала да жайылып барады. Бірақ шеткі аудандардың дамуы кенжелеп қалған. Әсіресе әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жұрт серуендейтін саябақ тапшы. Жер үй көп. Содан қыс айларында қара түтін қаптайды. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жоюға пәрмен берді. Тағы бір тапсырма - әкімдік ауыз су мәселесін 3 жылда толық шешуге тиіс.

Ауыз су мәселесі 3 жылда шешіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. 

Қ. Тоқаев қолжетімді үй салуға пәрмен берді

Алматылықтың көпшілігіне, әсіресе, жастар үшін баспана – бас ауруына айналған. Қалада пәтер қымбат. Мемлекет басшысы жастардың үйлі, күйлі болуына жан-жақты жағдай жасау керек деді. Бұл үшін әкімдік не істеуі қажет? Алдымен жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруы керек. Ал, жалдамалы үйдің құны қалтаны қақпауға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын.

Алматы бетоннан салынған орманға айналмауы тиіс

Баспана дегенде айтпай кетуге болмайтын бір проблема бар. Үйлер тығыз салынады. Мемлекет басшысы «қала бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс» деді. Алатаудың самалы қалада еркін есуі керек. Үйден бөлек, қалада балабақша тапшы. 19 мыңнан астам бүлдіршінге орын керек. Енді мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар салу керек. Мектеп те жетіспейді.

Қалада 22 мектеп салынады

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді. Сол себепті мектептерде  орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді. Менің тапсырмаммен Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салынады. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу.

Алматы кептелістен қашан құтылады?

Алматының күнделікті өмірі осы. Тәуліктің жартысы кептеліспен өтеді. Күн сайын қала жолдарында транзиттік жүктерді қосқанда 700 мыңнан астам көлік жүреді. Бұл жақта бір жерден екінші жерге жету мұң.

Әкімдіктің ендігі міндеті үйлесімді және теңгерімді жол-көлік кешенін салу. Қоғамдық көліктерді жайлы ету. Сол кезде жағдай оңалмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттыра отырып, жеке көліктерді пайдалануды азайту жайын ойластыру керек. Ол үшін метро желісін кеңейтуді жалғастыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизельді автобустар қалмауға тиіс. Оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктер алмастырады.

Ауа қашан жақсарады?

Кәсіпорын көп, жоғарыда айтқан кептеліс бар. Осының бәрі Алматының экологиясын бұзып жатыр. Қалада ауа сапасы нашар. Жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайды.

Дінмұхаммед Лесбеков, мемлекеттік экологиялық инспектор:

- Қалада 20 мың камера орнатылады.

Үлкен қала болған соң тәртіп бұзушылық та көп. Елдегі жалпы қылмыстың бестен бірі Алматыда жасалған. Әкімдік енді 2025 жылға дейін қала көшелері мен қоғамдық орындарды жүз пайыз жарықпен қамтамасыз етуі керек. Әрі бейнебақылауды күшейтеді. Алматыда 128 мыңнан астам камера бар. Тағы  20 мыңы орнатылады.

"Агломерацияларды дамыту туралы" заң қабылданады

Қалаға кіретін кіріс негізінен құрылыс, көлік, сауда саласына тиесілі. Енді өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын дамыту керек.  Ол үшін венчурлық қор құрылады. Осы арқылы азаматтардың маңызды бастамаларын жүзеге асыруға қолдау жасалады.

Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE

- Алматыны жаңа қырынан дамыту үшін жыл аяғына дейін «Агломерацияларды дамыту туралы» заң қабылданады. Сөйтіп Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдері агломерация аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесіп дамытады. Яғни жоғарыда айтқандай ай-ти мен өңдеу саласы һәм туризм қала экономикасының драйверіне айналуға тиіс.

Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев, Ділмұрат Сейдаханов