Қ.Тоқаев: Дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды
Президент әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді.
Жиында ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе елде жан-жақты жүріп жатқан саяси жаңғыру процесіне ерекше тоқталды. Мемлекеттігіміздің тұғырын және ел бірлігін нығайтатын жаңа идеологиялық тұжырымдар ұсынылды.
Мемлекет басшысы соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналғанын айтты. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуі тиіс. Президент осындай орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек екенін қадап айтты.
Ақордада өткен кеңеске Премьер-Министрден бастап мемлекеттік орган басшылары, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдері қатысты. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтылған міндеттердің іске асырылуына және бұған дейін өзі берген тапсырмалардың орындалуына ерекше мән берді. Бір жыл ішінде жасалған өзгеріс дамудың жаңа кезеңіне жол ашты. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар ел ішінде ғана емес, шетелде де талқыланып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің болашағымыз айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек.
Қазір еліміздегі саяси жаңғыру процесі мәресіне жақындады. Президент енді қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесіне баса мән беру керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет. Ең алдымен, ел мүддесіне және әр адамның құқығына басымдық беріледі. Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар. Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық болады. Бұл қағида барлығына ортақ.
Мемлекет басшысы халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайту аса маңызды міндет екеніне тоқталды. Кейінгі кездері елде жөн-жосықсыз ескерткіш орнату белең алған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр.
Елімізде этносаралық қарым-қатынас, келісімді нығайту мәселесі әрдайым өзекті болып қала береді. «Бұл бағытта орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жалпы азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет» деді жиында мемлекет басшысы. Сонымен қатар рухани құндылықтарымызды сақтау маңызды екеніне назар аударып нақты тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын.
Президент ерекше тоқталған тағы бір мәселе халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Бұл Үкімет пен облыс әкімдерінің басты міндеттерінің бірі болуы керек. Мемлекет басшысының айтуынша халық елімізде оң өзгеріс болып жатқанын сезінуі қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге жол бермейміз. Мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу қажет. Елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланады. Арандатуға қарсы күрес заң аясында, жедел әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Тиісті заңдарымыз бар, оларды қатаң сақтауымыз керек. Әйтпесе әрекетсіздіктің салдары еліміз үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Мен бірнеше рет айтқанымдай, бізге, ең алдымен, заң үстемдігі аса қажет. Заң сақталса және азаматтық жауапкершілік жоғары болса, қоғамда тәртіп болады. Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте әкімдер мен мемлекеттік органдар басшыларына азаматтармен өзара байланысты күшейтуді, кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізуді тапсырды. Реформаларды табысты жүзеге асыруда ең маңыздысы елдің бірлігі. Мұны мемлекет басшысы тағы бір мәрте өз сөзімен қуаттады. Жиында президент мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты бірқатар тың бастамаларды ойластырып жатқанын айтып қалды. Жоспарын сайлаудан кейін жария етпек.
Руслан Бақытбекұлы