Түркі әлемінің байланысы нығая түсті – Президент
«Түркі елдері табиғи апаттың алдын-алу үшін күш жұмылдыруы керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті».
Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс білдірді. Президент Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитіне қатысты. Бұл ретте Президент Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың тәжірибесін айтты. Соның негізінде бірлескен әзірлік жасақтауды ұсынды. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмысын үйлестіреді. Бұдан бөлек қазақ басшысы іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейту керектігіне мән берді. Осы мақсатта елдердің Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімі әзірленуі ықтимал. Үшінші ұсыныс: өзара тәжірибе алмасу. Биыл қазан айында киелі Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтеді. Президент әріптестерін осы алқалы жиынға қатысуға шақырды.