Тоқаев Ердоғанмен екі жақты кездесу өткізді

Анкараға жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысымен екі жақты кездесу өткізді.

Реджеп Тайип Ердоған қазақ басшысын «Кулие» резиденциясында өзі қарсы алды. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты. Президент қауіп-қатерге қашан да дайын болу керек екенін атап өтіп, төтенше жағдайлар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» тақырыбында өтіп жатқан саммитті өте қажетті шара деді. Тараптар сауда-экономикалық әріптестік жайын да талқылады. Жыл соңына дейін екі жақты тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жоспарда бар. Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвесторларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты да талқыланды. Біздің тарап әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын.