18 наурыз сайлау алдындағы тыныштық күні

Бүгін сайлау алдындағы тыныштық күні.

Үгіт-насихат жұмыстары кеше аяқталды. Енді кандидаттардың кез келген әрекетіне тыйым салынады. Жалпы саяси науқан кезінде БАҚ 10 мыңға жуық үгіт материалын жариялаған. Олардың 5 мыңы телеарналарда, қалғаны газет пен интернет ресурстарында шықты. Үгіт-насихат кезінде барлық партияға тең мүмкіндік берілді. Баспасөзге арнайы мониторинг жүргізілді. Прокуратура органдары насихаттауға қатысты 23 заң бұзушылық анықтады. Мәселен, тіркелмей жатып, өзін кандидат ретінде жариялаған 6 азамат жауапқа тартылды. Сондай-ақ материалдарын жыртқан, әлеуметтік желіде заңсыз сауалнама жүргізген, кандидаттардың үгітіне кедергі жасаған азаматтар да болған. Бас прокуратура өкілдері сайлауға қатысушыларды заңдылықты мүлтіксіз сақтауға шақырды.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлау алдындағы үгіт сайлау туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша 0 сағатта аяқталады. Сайлау процесіне қатысушылардың барлығының назарын 18 наурызда тыныштық күні екендігіне назар аударамын. Тыныштық күні сайлау алдындағы үгітпен байланысты кез келген әрекетке тыйым салынады. Және ол үшін заңнамамен құқықтық жауапкершілік көзделгені естеріңізде болсын.