Президент Сауда және интеграция министрін қабылдады

Былтыр елдегі тауар айналымының жалпы көлемі 134 млрд 400 млн долларға жеткен.

Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 32,1 процентке көп. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауы кезінде айтты. Қазақстанның барлық негізгі сауда серіктесімен өзара тауар айналымында өсім байқалады. Өңделген өнімдер экспорты 26 млрд 500 млн долларды құрап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Импортқа тәуелділікті барынша азайту үшін алдағы уақытта өңірлерде іске асырылатын ірі агрожобалардың топтамасы жасақталады, деді министр. Кездесу соңында президент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды және қосымша құны жоғары қазақстандық тауарларды экспортқа белсенді түрде шығаруды тапсырды.