Қазақстан мен Тәжікстан өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізеді
Қазақстан мен Тәжікстан одақтас болды.
Бүгін Ақордада екі елдің президенттері өзара іс-қимыл туралы тарихи декларацияға қол қойды. Енді барлық салада серпін болады. Әсіресе алыс-беріс артады. Атап айтқанда өзара тауар айналымын 2 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.
Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE
- Эмомали Рахмон ресми сапармен Қазақстанға 2018 жылы келген. Тәжік ағайынның әнұраны осылайша Ақордада арада бес жыл өткенде қайта шырқалды. Бірақ осы жолғы сапардың жөні бөлек. Бұл мемлекеттік сапар.
5 жылда дүние өзгерді. Геоаясатта дүлей дауыл тұрды. Сондықтан кездесіп, талқылап алатын мәселе көп еді. Бүгін соның бірсыпырасын екі елдің басшылары пысықтады. Әуелгісі – экономика. Біздің ел Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі. Бұл бағытта байланыс бас бармақпен бағалайтындай. Былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард доллар болды. Ендігі мақсат - мұны 2 миллиард долларға жеткізу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Кеше елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың келешегіне қатысты бейресми әрі өзара сенімге негізделген жағдайда пікір алмастық. Ең бастысы, сауда көлемін екі миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Біз бизнесмендердің 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына көңіліміз толатынын атап өттік. Бұл – өте жақсы нәтиже.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:
- Тәжікстан мен Қазақстан стратегиялық серіктестер. Қарым-қатынасымыз тұрақты түрде дамып келеді. Біз оны одан әрі нығайтуға баса мән береміз.
Агросалада серпін болады
Қазақстандық өндірушілер қазірдің өзінде Тәжікстанға жалпы құны 140 миллион доллардан асатын 60 шақты тауардың экспортын ұлғайтуға дайын. Мысалы, біздің тарап тәжік еліне жеткізілетін азық-түліктің көлемін ұлғайта алады. Оның үстіне Қазақстан – Тәжікстанға бидай мен ұн жіберетін негізгі мемлекеттің бірі. Осы ретте өсімдік майы, макарон, сүт өнімдері мен кондитерлік тауарды да молынан жөнелтуге мүмкіндік бар. Ал, біз Тәжікстаннан жеміс, көкөніс импорттаймыз. Бүгін екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері арасында жол картасына қол қойылды.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Тәжікстаннан біз кезеңаралық көкөніс, жидек, импортталады. Себебі ауа райы Тәжікстанда өте қолайлы. Ол жақта көкөністер басқа Орталық Азия елдеріне қарағанда ерте піседі. Соны біздің нарыққа картоп болсын, пияз болсын ертерек қолайлы бағамен алып келуге мүмкіншілік ашылып жатыр.
Кедендегі келісім
Ал осы тауардың бәрі кеденнен өтеді. Сондықтан кеденде кемшілік болмау керек. Бүгін бұл бағытта да меморандумға қол қойылды. Тараптар енді кеден саласында ақпарат алмасып тұрады. Яғни келе жатқан тауардың көлемі, бағасы бәрі жіті бақыланады.
Данияр Жанәлінов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы:
Бірлескен кәсіпорындар құрылады
Өзара тауар айналымының басым бөлігі агро салаға тиесілі. Сондықтан екі ел ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және сақтау үшін бірлескен кәсіпорындар құруға бейілді. Бұл жаһандағы тұрақсыздық жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Хош. Байланыс цифрлық жүйеде де болады. Қазақстан Тәжікстанмен кейбір ақпараттық жүйелерді бөліседі. Бір бұл емес. Энергетика саласында да байланыс нығаяды. Ірі нысандарды бірлесіп жүзеге асыру бойынша әлеует мол.
Энергетика байланыс нығаяды
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Тәжікстан Рогун су электр станциясында ірі құрылысты қайта бастады. Ал біз еліміздің оңтүстігінде энергетиканы дамытуды көздеп отырмыз. Атап айтсақ, газ станциясын құру, Алматы стансасын газға көшіру сынды жоспарымыз бар. Міне осы бағытта Тәжікстанмен ынтымақтастықты дамытсақ, біз тұрақты су-энергетикалық режимді қамтамасыз ете аламыз.
Одақтастық декларациясы бекіді
Тәжікстанмен шекарамыз түйіспесе де, екі халық өздерін көрші дейді. Мұнысы бір-бірін жақын тұтқаны. Экономикадан бастап мәдени-салаға дейін берік байланыс бар. Енді осы қатынас одақтастық аясында өрбиді. Бүгін президенттер тиісті декларацияға қол қойды.
Тәжікстан президентінің мемлекеттік сапары
Бізде «Алтын Қыран» деген жоғары мемлекеттік награда бар. Белді тұлғаларға беріледі. Бүгін осы орден Эмомали Рахмонға табысталды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың әріптесіне деген айрықша құрметі, ыстық ықыласы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз Орталық Азиядағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға үлес қоса отырып, аса маңызды халықаралық құрылымдар аясында өзара табысты әрекет етіп келеміз. Бүгінде мемлекетаралық байланыстарымыздың одақтастық қатынас деңгейіне көтерілгені қуантады.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:
- Бұл награда, ең алдымен, бүкіл Тәжікстан халқының тәжік-қазақ қатынастарын, достығы мен ынтымақтастығын дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін берілген жоғары баға деп білемін. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге алдағы уақытта да бар күш-жігерімізді салатынымызға сенімдімін.
Екі ел арасында 100-ден аса келісімшарттан тұратын құқықтық база бар. Бүгін осы келісімдер тағы 9 құжатпен толықты. Шекарада жолымыз түйіспесе де саясатта мүддеміз түйісетін тәжік елімен ендігі арада жаңаша қатынас жасаймыз. Ол үшін тараптар жиі жолығып тұруға келісті. Келіссөздің соңында Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәжікстанға шақырды.
Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Әлібек Әлиев, Алмас Омарғалиев