Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға ілтипат білдіріп, Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, әрі бауырлас, жақын мемлекет екенін атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 18,5%-ке артып, 1,4 млрд долларға жеткенін тілге тиек етті. Бұл қазіргі жағдайда жақсы нәтиже, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алдағы уақытта өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа салаларда бірқатар экономикалық жоба жүзеге асады. Президент сауда көлемін 2 млрд долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар екенін де айтты. «Біз бизнесмендердің 1,8 млрд доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына көңіліміз толатынын атап өттік. Екі ел үкіметтері, оның орындалуын мұқият қадағалап отыруға тиіс. Былтыр Душанбеде Қазақстан киносы күндері табысты өтті. Биыл біздің елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Біз осы шараға мұқият дайындалуымыз керек», - деді Қазақстан Президенті.