Президент әскерилерге мемлекеттік наградалар мен атақтар табыстады

Отан қорғаушы және Жеңіс күніне орай Президент әскерилерге мемлекеттік наградалар мен арнаулы атақтарды табыстады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты жиында Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы жыл сайын қатар атап өтілетін қос мерекенің маңыздылығына тоқталып, қорғаныс және қауіпсіздік саласының мамандарын адал қызмет етуге шақырды. Президент мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету еліміздің мызғымас басымдықтары екенін атап өтті.

Қорғаныс саласының барлық қызметкерлерінің басын қосқан мерекелік жиын – бұл. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің  Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, бұл күннің тағлымдық мән-мазмұнына тоқталды. «Қос мереке – Отан үшін, от кешкен аға буын мен егемен елдің сарбаздары арасындағы сабақтастық нышаны», - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз барлық елдермен достық қатынас орнаттық. Мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу керек деп санаймыз. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Барлық жағдайға сақадай сай болуымыз айрықша маңызды. Еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік саласын күшейту – басты міндеттің бірі.

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне арналған іс шарада бірқатар офицерлерге жоғарғы әскери атақ шендері берілді.  Мерекеге орай мемлекеттік наградалар да табысталды.

Еркін Ботақанов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал лейтенант:

- Жоғары Бас қолбасшының қолынан үлкен әскери шен алып отырмыз және де мемлекеттік наградалар ұсынды. Ол, ең біріншіден, үлкен жауапкершілік деп санаймын. Біздің Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің мерейтойына Отан қорғаушы мерекесіне, әрине, алдымызға қойған қызметімізді тек жақсылықпен орындауға біз ант беруге дайынбыз.

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені 4 адамға берілді. Олардың қатарында Байжанов Ұлан Сапарұлы мен Байшолақов Алмат Мұратұлы бар. Тағы 11 адам генерал-майор әскери атағын алды. Мемлекет басшысының қолынан әскери шен алған офицерлер Жоғары Бас қолбасшыға құрмет білдіріп, әріптестері мен қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. 

Қайрат Үмбетов, ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

- Осы шараны қолдана отырып, Қарулы Күшетірінің, Ұлттық ұлан Ішкі істер министрлігінің ардагерлерін, офицерлер мен келісімшарт қызметшілерін келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Барлықтарына тілейтінім, мықты денсаулық, отбасына бақыт береке тілеймін. Заманымыз тыныш, жұртымыз аман болсын. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Әділ Дәуренқұлов, Алматы қ. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кіші сержанты:

- Осы медальды Президентімізден алып жатқаныма өте қуаныштымын және барша қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын.

Салтанатты жиын соңында Президент әскерилерді антқа адал болып, мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін қызмет етуге шақырды.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова.