Қытай Орталық Азияның тыныштығын қалайды
Орталық Азияны геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз.
Қытай аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды роль атқарады. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Мемлекет басшысы Сианьда бірінші "Орталық Азия – Қытай" саммитіне қатысты. Алқалы жиында Си Цзиньпин де аймақтағы елдердің егемендігіне байланысты пікір білдірді. Қытай Төрағасы қауіпсіздікке қатысты нақты не айтты?
Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE
- Осы күні әлем назары Қытайда. "Орталық Азия-Қытай" саммиті өтіп жатыр. Сарапшылар бұл жиын Бейжіңнің аймақтағы бес елмен қарым-қатынасының алдағы бағытын айқындайды дейді. Саяси аренада бас қосқан басшылардың қай-қайсысының да айтар ойы маңызды. Алты елден жиналған ақпарат құралдарының әр сөзді бағып отырғаны содан.
Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру керек. Мұны саммитте қазақ басшысы айтты. Қазірдің өзінде арадағы сауда-саттық қарқынды. Былтыр Қытай мен бес елдің тауар айналымы 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Бұл бағыттағы ынтымақтастық нығая береді.
Қазақстан мен Қытай шекарада порт салады
Қазақстан мен Қытай бірлесе отырып, шекарада екінші құрғақ порттың құрылысын бастайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тауар түрін көбейту арқылы сауда көлемін ұлғайту керек. Мысалы, Қазақстан Қытайға 135 шикізаттық емес тауардың экспортын арттыра алады.
"Қорғаста"азық-түлік хабы құрылуы мүмкін
Осы ретте Мемлекет басшысы "Қорғас" халықаралық сауда орталығында бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынды. Ал Сианның құрғақ портында Қазақстанның логистика орталығы салынады. Құрылысы кеше басталды. Сөйтіп, бұл жерде өзіміздің қойма пайда болады. Осы орайда Мемлекет басшысы өңірдегі өзге төрт елге тауарларын Сианьдағы біздің қоймаға орналастыруды ұсынды. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасында жүк тасымалдау уақытын айтарлықтай қысқартады. Саммитте көлік дәліздерін кеңейту де айтылды. Бұл орайда Транскаспий бағытының әлеуеті зор.
Көлік дәліздері дамытылады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қытай-Орталық Азия-Еуропа бағытының негізгі учаскелерінің бірі Транскаспий халықаралық көлік жолы екені мәлім. Қазір бұл артерия стратегиялық маңызға ие болды. Біз цифрлық шешімдерді енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы оның қуатын арттыруды көздеп отырмыз. Сондықтан қытайлық серіктестерді Каспий теңізі порттарының мүмкіндігін кеңейту, олардың қызметін цифрландыру, сондай-ақ көлік кемелерінің бірлескен өндірісі бойынша өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз.
Қытай Орталық Азияға 26 млрд юань бөледі
Төраға Си де мұндай ынтымақтастықты қолдайды. Жиында Қытай басшысы қай салаларға басымдық беретінін айтты.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:
- Көлік-логистикалық коммуникацияны жетілдіру, энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, жасыл инновацияларды енгізу. Біздің көздеп отырғанымыз осы. Орталық Азияда бірлескен жоғары технологиялық кәсіпорындар мен инновациялық технопарктер құру маңызды. Жалпы Қытай Орталық Азия елдерінің дамуына 26 миллиард юань бөледі.
"Орталық Азия – Қытай" саммиті
Қытай мен Орталық Азия бағзыдан тығыз байланыста. Сан ғасыр бұрын осы Сианьнан бастау алған ұлы жібек жолы аймақтағы елдер арқылы Еуропаға өткен. Ортада қалыптасқан сол жолдардың игілігін Қытай әлі де көргісі келеді.
Мэлс Төрегелді, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің басқарма басшысы:
- Негізінде Қытайдың Орталық Азияға бұрып отырған көзқарасы бұл неге дейік. Өйткені мысалы, Қытайдың батыс жағалары басып кеткен тауарлармен. Бірнеше күн контейнерлер күтіп тұрады Америкаға кету үшін. Олар Америкаға және Еуропа болсын экспорттай береді ғой. Ал бұлар енді құрғақ жермен инфрақұрылым іздеп жатыр. Өз тауарларын Еуропаға 14 күнде жеткізуге болады жермен. Ал мынамен 45 күн жүреді кемелер мысалы.
Қазақстанда Қытай көлік кластерін құрады
Тауар мен жол ғана емес, елдерді өнеркәсіп те біріктіруі керек. Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынды. Сосын қытайлық компанияларды Қазақстанда көлік кластерін құруға шақырды. Яғни көрші елдің брендке айналған темір тұлпарлары толықтай өзімізде жасалуы мүмкін. Ал біздің үкімет мұндай ынтымақтастыққа барынша қолайлы жағдай жасайды.
"Қазақстан – Қытай" мұнай құбыры кеңейтіледі
Біздің тарап мұнай экспортын көбейтуге мүдделі. Осы мақсатта «Қазақстан – Қытай» мұнай құбыры кеңейтіледі. Әйтпесе қазір бұл елге экспортталатын қара алтынның көлемі аз. Ал төңіректегі қақтығыс мұнай жолдарын өзгертуді талап етеді. Бұл ең алдымен бізге керек. Қытай болса аймақтағы елдердің энергетикасына қызығады.
Сарапшы: Қытайды қызықтыратыны – энергетика
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
- ОА аймағы бұл Қытай үшін бұл энергетикалық ресустық аймақ болып о бастан көрініс тапқан, 1990 жылдардан бері. Сол себепті олар, отын энергетикасына, мұнайға көп жағдайда көңіл аударып отыр. Қытайдың өзінен шығатын мысалы отын энергетикалық көмір сияқты шикізат қорлары тек Қытайдың 9 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. Ол деген шын мәнінде сырттан энергетика көздерін тартуға Қытай мүдделілік танытады. Сондықтан біз де ұлттық мүддедегі шикізат қорларын сақтай білуіміз керек, дұрыс бағамен сата білуіміз керек.
Қытай Орталық Азияның тыныштығын қалайды
Қытай басшысы Орталық Азияның энергетикалық, экономикалық һәм географиялық әлеуетін жоғары бағайды. Сондықтан Төраға Си Цзиньпин аймақтың тыныштығына мүдделі.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:
- Әлемге тұрақты Орталық Азия керек. Аймақтағы елдердің егемендігі қауіпсіз болып, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы қорғалуы тиіс. Өңірдегі бестіктің бейбітшілікке ұмтылуын әлем қолдауы керек. Қытай мен Орталық Азия бірігіп, бір-біріне барлық жағынан көмектесуі қажет деп санаймын.
Қ. Тоқаев: өңірді текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз
Қасым-Жомарт Тоқаев та қауіпсіздікке арнайы тоқталды. «Аймақты текетірес алаңына айналдыруға жол берілмейді» деді. Өңірдің қалайтыны – тыныштық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аймақты геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз. Қытай аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді. Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық.
Келесі саммит Қазақстанда өтеді
Қорған Қонысбайұлы @KORGANTORE
- Қытай көршіміз. Алып мемлекет. Қалай болғанда да бұл елмен қарым-қатынас керек. Бізге қажеті геосаясатта тепе-теңдікті сақтап, тұрақту даму. Осымен алқалы жиын тәмам. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.
Қорған Қонысбайұлы