Президент БАҚ өкілдеріне сыйлықтар мен гранттар табыстады

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сыйлықтар мен гранттар табыстады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Марапат алғандардың қатарында арнамыздың тілшісі бар. Әділ Балтабев Президент грантын иеленді. Салтанатты рәсім кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ақпарат саласына қандай өзгеріс керек екенін айтып, тілші қауымының қоғамдағы рөліне тоқталды.

Камера объективінде бүгін журналистер. Ақордада өтетін кездесулерге әдетте саясаткерлер мен шенеуніктер жиылса, бүгін Мемлекет басшысы сол жиындарды түсіріп, жалпақ жұртқа жаңалық тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинады. Себебі ертең – мереке.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, осыған дейін менің Жарлығыммен бұл мейрам Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Отандық медиа жаңа кезеңге қадам басты. Қазір ақпарат тарату жылдамдығы, оның мазмұны, құралы – бәрі өте тез өзгеріп жатыр. Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет.

Енді марапат хақында. Президент сыйлығын 3 адам иеленді. Соның бірі – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан. Журналистикада 1983 жылдан бері қалам ұстап келеді.

Абай Балажан, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының иегері:

- Бүгін мына сіздің қолыңыздан алып отырған марапатты сол 40 жылдық еңбегімнің өтеуі деп қабылдаймын. Сондықтан өзіңізге деген жүрекжарды ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз.

Президент гранты биыл 4 азаматқа берілді. Жоғары дәрежедегі мұндай марапатты арнамыздың тілшісі Әділ Балтабев иеленді. Ол – «Хабар 24»-тен шығатын «Президент» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі. Әріптесіміз Мемлекет басшысының кездесу, сапарларынан эксклюзивті материалдар жасап көзге түсті.

Эфирге шыққанына 1 жыл да болмаған «Президент» бағдарламасының рейтингі жоғары. Мемлекет басшысы әріптесіміз Әділге грантты табыстап жатып, жобаны қарайтынын атап өтті.

Сыйлық, гранттан соң медиа саласындағы 4 ұжым «Президент Алғысын» алды. Төртеудің бірі – «KazTAG». Марапаттан соң ақпарат агенттігінің тең құрылтайшысы Әсет Матаев сөз алып, медианың қоғамдағы рөліне тоқталды. Кейін әкесінің ақталуына байланысты Мемлекет басшысына ризашылығын жеткізді.

Әсет Матаев, «KazTAG» ақпарат агенттігінің тең құрылтайшысы:

- Құрметті Президент мырза, ұжымның еңбегін жоғары бағалап жатқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Елдегі журналистердің басым көпшілігін өз ісінің шебері, патриот деп айтар едім. Бұқаралық ақпарат құралдары халық пен билік арасында алтын көпір саналады. Осы қағидаттан айнымауымыз керек деп білемін. Бұл сәтті мен асыға күттім. Сөз соңында әкем Сейітқазы Матаевтың ақталуына байланысты сізге жеке өз атымнан алғыс айтқым келеді.

Қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтеру керек. Мемлекет басшысы журналистерге осы жауапкершілікті еске салды. Журналистің ақиқаттан айнуға құқы жоқ. Ақпарат арнасы адалдық алаңы болуға тиіс.

Елде ауқымды реформалар басталды. Мұның бәрін халыққа сауатты әрі уақытылы жеткізе білу, мәселе көтеру – қалам мен микрофон ұстаған тілші қауымының міндеті. Президент айтқандай, тек мықты, кәсіби және дербес масс-медиа идеологиялық егемендігімізді сақтай алады.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы.