Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Екі ел басшылары мемлекеттер арасындағы қазіргі қарым-қатынас достық әрі одақтастық деңгейде екенін атап өтіп, сан-саладағы әріптестік ары қарай да дами береді деген сенім білдірді.

Айта кету керек, бүгін қос елдің Президенттері Тәжікстанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысады деп жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Құрметті Эмомали Шарипұлы, сізбен елордамызда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады. Сапарыңызды жоғары бағалаймын.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыртуыңызға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсеткеніңізге көп рақмет! Ең алдымен, бүгін сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді.