Тоқаев АҚШ Сенатының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі өкілін қабылдады

Мемлекет басшысы АҚШ Сенаты Ұлттық қауіпсіздік және Үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы Гэри Питерсті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Гэри Питерстің сапары екі жақты ынтымақтастық мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасуға жақсы мүмкіндік екенін айтты. Екеуара әңгімеде президент биыл қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында «С5+1» форматында өтетін АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы саммитіне шақырғаны үшін Президент Джо Байденге ризашылығын білдірді. Сенатор Гэри Питерс Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа қатысты негізгі мәселелерді талқылау мүмкіндігі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Америка Құрама Штаттары жаһандық қауіпсіздікті нығайту, ядролық қаруды таратпау, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және демократиялық құндылықтарды ілгерілету ісінде әрдайым біздің еліміздің стратегиялық серіктесі саналған. Біз көп нәрсеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Әйтсе де екі елдің мүддесіне сай келетін салалардағы өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін алға қарай жылжуымыз керек, – деді Президент.