Мемлекет басшысы Германия канцлерімен бірқатар мәселені талқыға салды
Қазақстан мен Германия сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, «жасыл энергетика» және басқа да салаларда серіктестікке серпін береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Канцлер Олаф Шольц осындай келісімге келді. Яғни қазақ-неміс байланысы нығая түседі. Келіссөз барысында тараптар екі жақты қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын сөз етті. Сосын өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, жоғары деңгейде өтетін «Орталық Азия – Германия» кездесуінің күн тәртібін талқылады.
Германия - батыстағы қуатты мемлекет. Бүгінде бұл ел біздің экономикаға қаржы құйған жетекші инвесторлардың және ең ірі сауда серіктесіміздің бірі. Сандармен келтірсек, Германияның Орталық Азия өңірімен сауда-саттығының шамамен 83 пайызы Қазақстанның үлесінде. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард доллар болды. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор деді. Сондықтан біздің нарыққа неміс бизнесінің барынша көбірек келуі үшін барлық жағдай жасалады. Бұл орайда мұнай-газ химиясы, сирек кездесетін металлургия өнеркәсібі, «жасыл» энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларына басымдық берілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жолға қойылған. Сондықтан екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға баса мән береміз. Біз бүгін құрметті Канцлер мырзамен бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға ерекше назар аудардық.
Геосаяси жағдай ушығып тұрғанда кім-кімге де жаңа сауда жолдары керек. Бұл орайда Транскапий бағдарының әлеуеті зор. Қазақ пен неміс көлік-транзит саласында да ынтымақтастық аясын кеңейтуге бейілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германия тарапын Транскаспий бағытының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамытуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Германия екі елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне барынша прагматикалық тұрғыдан қарауы керек. Ол үшін біздің саяси ерік-жігеріміз бен орасан зор экономикалық әлеуетіміз бар. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларына баса мән берілді. Біз екіжақты сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өттік. Экспорттық және импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаластық.
Сонымен сапардың алғашқы қорытындысына тоқталсақ, Siemens, Deutsche Bahn, Siemens Energy, Linde сынды алпауыттармен коммерциялық келісімдер бекиді. Бұл құжаттар екі ел арасындағы экономикалық қатынасты одан әрі нығайтуға тың серпін береді деді қазақ басшысы. Арадағы байланыс энергетика арқылы да нығая түспек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Өздеріңізге мәлім, Қазақстан жыл басынан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асты. Германиялық достарымыздың өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым.
Шикізатты игеру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін консорциум құрылуы мүмкін. Қазақ президенті Канцлерге осыны ұсынды. Сөйтіп біздің тарап жаңартылатын энергия көздеріне, әсіресе, «жасыл» сутегіне немістің озық технологияларын тартады.
Қорған Қонысбайұлы @korgantore:
- Неміс тарапы да ашықпыз деп отыр. Федералдық канцлер Қазақстанды Германияның Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Олаф Шольц энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес ісінде байланысты нығайтсақ дейді. Ресми сапардың мақсаты да осы. Қазақ-неміс ынтымақтастығын ырысты ете түсу.