Қ.Тоқаев Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдауды іске қосу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысты.

Бұл жоба арқылы Ресейдің табиғи газы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалданады. Салтанатты шараға Ресей және Өзбекстан басшылары да қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи оқиға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеретінін және елдер арасындағы тату көршілік қатынастар жылнамасының тағы бір жарқын бетін ашатынын атап өтті.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Бұл жоба барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай келеді. Қазақстан өз аумағында магистральді газ құбырын дайындауды уақытылы және толық аяқтады. Жоба Ресей газының экспортқа шығу бағытын әртараптандырып, Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға септігін тигізеді. Сондай-ақ Өзбекстанның жылына 3 миллиард текше метрге дейін жететін және жылдан жылға артып келе жатқан табиғи газға деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.