Қ.Тоқаев Қытайдың Қорғаныс министрін қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрі Дун Цзюньді қабылдады.
Президент мәртбелі мейманға ілтипат білдіре отырып, оның тату көршілік, достық қатынастарды және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қазақ-қытай байланыстары жоғары деңгейде екеніне назар аударды. Екі елдің өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне қатысты көзқарастары ұқсас. Тараптар бітімгерлік, білім және әскери-техника салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде конструктивті диалог құрып, бір-бірімізге қолдау білдіріп келеміз. Сондай-ақ Қытайдың дүниежүзілік дамуға, жаһандық қауіпсіздік пен өркениетке қатысты ұсынған бастамаларын жоғары бағалаймыз әрі қолдаймыз. Бұл бастамалар әлемдегі қауіпсіздіктің қазіргі жүйесін нығайтуға оң үлес қосады деп санаймын.