Президент Ішкі істер министрін қабылдады
Елде жыл басынан бері ауыспалы номерден шалынған 37 миллион қоңырау бұғатталып, заңға қайшы контенті бар 16 мың сайт анықталған.
Мұны Мемлекет басшысының қабылдауында болған Ішкі істер министрі айтты. Ержан Сәденов ел бойынша кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау және мал ұрлығына қатысты қылмыстар айтарлықтай азайғанын атап өтті. Көшедегі қауіпсіздік деңгейі де артқан. Мемлекет басшысына нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат берілді. Министрдің айтуынша, 31 тоннадан астам есірткі және 79 тонна прекурсор тәркіленіп, 39 есірткі зертханасы жойылған. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.