Тоқаев Путинмен кездесті
Еліміздің аумағы арқылы Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен келіссөз жүргізді.
Мемлекеттер басшылары стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен екі жақты байланысты одан әрі нығайтуды талқылады. Қос елдің басшылары сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика сияқты өзге де саладағы ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ежелден қалыптасқан Қазақстан мен Ресей арасындағы достық бейілді байланыстың дамып келе жатқанына тоқталды. Ресей басшысы да екі жақты қатынастарды одан әрі нығайту қажеттігіне назар аударды. Екі жақты кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесін туған күнімен құттықтап, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық байланыстарды кеңейтуге қосқан жеке үлесін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы көп жақты сипатта табысты дамып келеді. Елдеріміз арасындағы ықпалдастық, ең алдымен түрлі саладағы стратегиялық және одақтастық қатынастарға негізделген. Бүгін біз ірі жобаны іске қосу рәсіміне қатыстық. Шын мәнінде бұл цифр тұрғысынан айтарлықтай үлкен болмаса да қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Әрине мұның символдық мәні келешекте де зор болады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Сіздің Мәскеуге жасаған сапарыңыз – айтулы оқиға. Арнайы келгеніңіз, сондай-ақ бүгін таныстырылған жобаны бірге іске асырғанымыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Әрине бұл бастамасы ғана деп ойлаймын. Әйтсе де, жалпы аймақтың энергетика саласындағы ынтымақтастығына бағытталған алғашқы әрі аса маңызды қадам. Бірлесе атқаратын жұмыс көп. Барлық бағыт бойынша қатынастарымыз жақсы дамуда. Бұл үшін сізге алғыс айтқым келеді.