«Бастау» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

Алматыда XII Халықаралық «Бастау» кинофестивалі аяқталды, деп хабарлайды 24KZ. Студенттік және дебюттік фильмдер байқауының  конкурстық бағдарламасына 500-ден астам өтінім түскен. Олардың ішінен 28 елдің 43 картинасы іріктелді. Номинациялар бойынша жеңімпаздар кім?

Үздік қысқаметражды фильм номинациясында бас сыйлықты польшалық режиссер Доминик Мирецкийдің «Son of Happiness» картинасы жеңіп алды. Ең үздік анимациялық туынды болып украиналық «Обіруч» фильмі атанды. Ал деректі фильмдер секциясында бас жүлдені отандық «Menin Terminatorsham» картинасы ұтты.

Сергей Әзімов, «Бастау» кинофестивалінің президенті:

- Жастарға көмектесу – осы біздің «Бастау» фестиваліміздің негізгі мақсаты. Киноны жанымен сүю керек. Жанымен берілу керек. Біз осы жастарға олар бірінші қадам бастаған кезде оны үйрету, соны түсіндіру – біздің негізгі мақсатымыз.

Фестивальде студенттік қазылар алқасы жұмыс істеп жеңімпаздарды таңдады. Студенттер Махамбет Мырзаның дебюттік «Қараша» атты туындысын ерекше атап өтті.

Махамбет Мырза, студент:

- Халықаралық үшінші фестивалім. Бұған дейін Мәскеуде және күні кеше Түркияға барып келдім. Газиантеп кинофестивалінде. Бірақ алғашқы жүлдемді Қазақстанда алып отырмын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе.

Сонымен қатар салтанатты рәсімде режиссерлерге арналған Almaty Film Lab шеберханасының екінші питчинг жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Олар өз жобаларын одан әрі өндіру үшін қаржылық қолдау алады. Жеңімпаздардың қатарына «Аяулым» жобасымен Мира Абдрахманова және «Тойымсыз адамдар» туындысымен Дастан Түсіпбеков бар. 

Авторлары: А.Садуақас, С.Бейсекенов.