БҚО-да 25 кітапханаға модернизация жасалмақ

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен және «Тана» қорының ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облысында 25 кітапхана модернизациядан өтпек, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін Бәйтерек ауданының Дариян және Переметное ауылдарында жаңарып-жаңғырған алғашқы кітапхана-қауымдастық орталықтары пайдалануға берілді. Енді жаңа орталықтарда түрлі шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар рухани азық алмақ. 

5 мың жарымдай тұрғыны бар Дариян ауылындағы кітапханаға бұрын санаулы жан келетін болса, енді жаңарып-жаңғырған кітапхана-қауымдастық орталығынан адам аяғы үзілмес деп үміттенеді мамандар. Өйткені күрделі жөндеу жасалып, 68 миллион теңгеге қазақ және шетел авторларының 800-дей кітабы сатып алынған. Заманауи технологиялармен, музыкалық аспаптармен, үстел ойындарымен, тігін және қолөнер құралдарымен жабдықталған. Өлкентанушыларға, мүгедектерге, нәзік жандарға арналған жаңа клубтар, балаларға үйірме, секциялар ашылған.

Шолпан Оразаева, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың директоры:

- 25 кітапхана Тәуелсіздік күнінен бастап Наурыз мейрамына дейін бәрі ашылады. Негізі осы жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарына деген заманауи мәдени-ағартушылық, оқу-білім орталығына айналдыру. Кітапхананың жұмысы өзгерді. Бүгінгі күнде кітапхана тек кітап беретін орын емес.

Кітапханаларды модернизациялауға «Қазақстан халқына» қоры қолдау білдірген. Жергілікті әкімдік ғимаратты толық жөндеп берсе, қалған жұмысты «Тана» қоры іске асырады. Жобаның жалпы бюджеті 797 миллион теңге. 

Камила Лұқпанова, «Тана» қоғамдық қорының өкілі:

- Бұл пилоттық жоба. Батыс Қазақстан облысында бастап іске асты. Бізді қолдаған облыс әкімі Нариман Төреғалиұлына алғысымыз шексіз. Қазір өзге облыстар да қызығушылық білдіріп жатыр. Тек ғимаратты жөндеп қоймаймыз, кітапханашыларды оқытамыз, мәдени бағдарлама жасаймыз. Үйірме, секцияларды көбейтеміз.  

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев тың жобаның ауыл тұрғындарының рухани дамуына зор серпін беретінін атап өтті.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.