Қазақстанда туризмге құйылатын инвестиция артты

Елде туризм саласына салынған инвестиция көлемі 34 пайызға артты.

Қазақстанды көруге асыққан туристер саны да еселенген. Биыл 11,5 млн шетелдік мейман келді.

Ал отандастарымыз қайда демалып жүр?

Туризм саласына инвестиция артты

Демалыс демекші, елде туризм өркен жайып келеді. Жылдың 10 айында салаға салынған инвестиция көлемі 668 млрд теңгеден асты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 33,6 пайызға көп. Ал мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі 3 есе артты. Биыл 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2,1 млрд теңге мақұлданды. Қазақ туризм ұлттық компаниясының мәліметіне сүйенсек, елге келген шетелдік меймандардың да қарасы қалың. Қаңтар-қыркүйек аралығында туристер саны 2 есе артып, 11,5 млн-нан асты. Ел ішін аралаған саяхатшылар 562 мыңға көбейіп, 6 млн адамға жетті.

Сақтықта қорлық жоқ

Әдетте желтоқсан-қаңтар айларында шет елдерге жолдама алатындар көбейеді. Сақтықта қорлық жоқ. Әсіресе саяхатын өзі жоспарлап отырған азаматтар сақтандыруды ертерек рәсімдеп алғаны жөн. Ал туристік пакет жолаушылардың мұндай қызмет алуына кепіл дейді мамандар. Медициналық сақтандыру арқылы оқыс оқиғалар не экстремалды спорт түрлерінен зақымдансаңыз, тиісті жәрдемді кедергісіз аласыз. Сақтандыру жарнасы әр адамға 5 мың теңгеден басталады. Ақы сақтандыру шарттарына қарай өседі. Ең бастысы, пайдаланған қызмет бойынша түбіртегіңізді жоғалтпаңыз. Сақтандыру компаниясы соған қарай шығынды өтеуге міндетті. 

Инна Рей, "Туристік қамқор" корпоративтік қорының төрағасы:

Агенттен қандай тәуекелдер сақтандырылатынын сұрап алыңыз. Қандай жағдайда компанияға жүгіне алатыныңызды және қандай жағдайлар сақтандырумен қамтылмайтынын нақты біліп алған жөн. Егер олар сізден белгілі бір сақтандыру қызметтері үшін ақы алса, олар өздеріне міндеттеме алады, әйтпесе сізге мәселені шешуге сот процестері көмектеседі.

Демалысын шетелде өткізуді қалайтын қазақстандықтар аз емес. Мәселен, биыл Мальдив аралдары мен Таиландқа сапарлағандар саны рекордқа жетті. Бұдан бөлек Түркия, БАӘ, Вьетнамға жолы түскендердің қатары көп. Енді сұраныстағы бағыттарды жіктейін. 10 айда отандандастарымыз Мальдив аралдарына 22 мың рет барған. Бұл былтырғыдан 42 пайызға көп. Елдің туризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, келуші мемлекеттер арасында Қазақстан 18-орында тұр. Ал Таиланд 144 мың отандасымызды қабылдаған. Көрсеткіш 17%-ға көп. Грузияда демалуды қалайтындар да жеткілікті. Мұнда 147 мың рет барыппыз. Ал Хайнань аралындағы қонақүйлерге шамамен 35 мың қазақстандық тұрақтаған. Көрсеткіш былтырғыдан 1049%-ға артқан. Мұның себебі пандемия кезінде үзілген тікелей әуе қатынасы өткен күзде қайта жаңартылған еді. Аса танымал бағыт болмаса да, Шри-Ланкаға 3,5 есе көп турист барыпты. 9,5 мың қазақстандыққа қызмет көрсетілген. Бұл 2018 жылдан бері ең жоғары көрсеткіш.

Мальдив аралдары - 22,3 мың (42% ↑)

Таиланд - 144,3 мың (17%↑)

Грузия - 146,9 мың (13%↑)

Хайнань аралы - 35 мың (1049%+↑)

Шри-Ланка – 9,5 мың (3,5 есе↑)