Елімізде «Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісі салынады
Мойынтыдан Қызылжар станциясына дейін тікелей теміржол түседі, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа құрылысты бастауға Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында пәрмен бергені белгілі.
Жаңа теміржол ішкі байланысты жеделдетумен қатар Қытай мен Еуропа арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін арттырады. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» теміржолы да кеңейтіледі.
Айта кеткен жөн, елде жалпы ұзындығы 1100 шақырым болатын төрт ірі темір жол құрылысы жүріп жатыр. Бұлар – «Достық – Мойынты – Алматы» айналма темір жолы, «Бақты – Аягөз» және «Дарбаза – Мақтаарал» жобалары. Биыл Достықтан Мойынтыға дейінгі теміржолдың құрылысы аяқталады. Соның арқасында учаскенің өткізу қабілеті 5 есе артады. Сонымен қатар биыл Алматы айналма теміржолының құрылысы мәреге жетпек. Ал «Дарбаза – Мақтаарал» жобасы Оңтүстік Қазақстан өңірін халықаралық транзиттік дәліздерге жалғайды.
Нұржан Келбұғанов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Мойынтыдан Қызылжарға тіке жол салынайын деп жатыр. Ара қашықтығы 366 шақырымды құрайтын жаңа тіке жол болады. Және ол өзінің технологиясы бойынша өте тиімді жол болады. Сол Қызылжардан ары қарай Сексеуілге шейін 700 шақырымды құрайтын теміржол жаңа жүйелері енгізіледі. Шалқардан Бейнеуге 470 шақырым құрайтын жолға жаңа жүйелер енгізіледі. Және Бейнеу мен Ақтауға жүретін теміржолдың ортасында жаңадан разъездер салынады, жаңа жүйелер енгізіледі. Және үлкен модернизациядан өтеді.
Жалпы былтыр елде 1400 шақырым теміржол жөнделді. Жобалар шеңберінде 2700 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жаңадан 143 жолаушылар вагоны, 800 жүк вагоны сатып алынды. Және 185 локомотив қолданысқа берілді.