Орталық Азиядағы үш ел бірлесіп, су электр станциясын салады

Бауырлас елдің ғасыр жобасы атанған «Қамбар Ата-1» гидроэлектростанциясын Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бірігіп салады.

Маңызды жоба Орталық Азия аймағындағы су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Жалпы Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайынмен қазір шешілмеген мәселе жоқ.

Достығымыз ғасырлар бойы беки түскен. Ал былтыр қос мемлекеттің басшылары одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін бере түсті.

Алға қарай ұмтылған қазақ-қырғыз біртуған. Ежелден бауырлас, қоңсылас елдердің бүгінде қарым-қатынасы жоғары деңгейді. Алыс-беріс те жыл сайын артып келеді. Қазақстан Қырғызстанның саудадағы ең ірі 3 серіктесінің бірі. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 1 млрд 371,4 млн доллар болса. Былтыр 11 айдың ішінде бұл көрсеткіш 1 млрд 134, 3 млн долларға жеткен. Ендігі меже 3 млрд доллар.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық

2023 жыл – $1 млрд 371,4 млн

2024 жыл 11 ай – $1 млрд 134,3 млн

жоспар – $3 млрд 

Бақыт Жұмағұлов, Еуразия стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:

- Бұл предел емес. Бұның потенциалы ашылады деп айтсақ болады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров соңғы рет кездескенде тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 млрд долларға дейін жеткізу туралы келісті. Бұл жақсы мақсаттар, жақсы көріністер.

Қазақстан мен Қырғызстан арасын тек Алатау бөліп тұрғаны болмаса, екі елді ортақ тарих, мәдениет, тіл және салт-дәстүр тығыз байланыстырады. Бұл достық пен бауырластық қарым-қатынасты одан әрі нығайту - ортақ болашақ үшін маңызды. Сондықтан да былтыр қос мемлекеттің басшылары одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қойды. 

19.04.2024 жыл

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ.Сондықтан үлкен үмітпен қарап отрымыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта жігеріміз де жеткілікті.

Жалпы үлкен саясатқа 4 жыл бұрын қосылған бауырлас елдің басшысы Садыр Жапаров осы қысқа мерзім ішінде Қырғызстанның ішкі және сыртқы саясатында сәтті қадамдар жасай білді. Ұзақ жылдар бойы дауға ұласып, өзгенің қолында болып келген «Құмтөр» алтын кен орнын толық мемлекет меншігіне қайтарды. Орталық Азиядағы ең ірі  алтын  кеніші 2,5 жылдың ішінде Қырғыз елінің экономикасына 300 млн доллар пайда әкелді. Тағы айта кету керек, түйіні көп жылдан бері тарқамай келе жатқан мемлекеттік шекара мәселелеріне де қатысты жағымды жаңалықтар бар  

Әлібек Тәжібаев, "Еуразиялық мониторинг" сараптамалық зерттеулер орталығының директоры:

- Қырғыз мемлекеті таулы аумақта орналасқан. Бұл аймақта бұрыннан бері шекара мәселелері жиі көтеріліп келетін. Осы сұрақтарды шешу республика басшысының бірінші міндеті. Қазір қырғыз-өзбек шекарасына қатысты мәселелер толық шешілді. Ал Тәжікстан тарапымен келіссөздер аяқталды. Бұл ретте Садыр Жапаровтың ерекше ынтасы мен күш-жігерін атап өтпеуге болмайды.

Орталық Азия елдері үшін өзекті мәселе – ол су жайы. Қазір айыр қалпақты ағайындар гидроэнергетика саласында маңызды жобаны қолға алған. Ол – ғасыр жобасы аталған «Қамбар-Ата-1» гидроэлектро станциясының құрылысы. Бұл іске Қазақстан да белсенді араласып жатыр. Себебі тіршілік көзінің көп бөлігін көршілерден алатын біз үшін де жобаның маңыздылығы зор. Жалпы трансшекаралық су мәселелерін шешуде қазір қырғыз ағайынмен келелі келіссөздер тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. 

Аман Мәмбеталиев, саясаттанушы:

- Қазір министрлер деңгейіндегі кездесулер жиі болып жатыр. Шешімге әлі нақты 100 пайыз бізге де, қырғыздарға да ұнайтындай ашық айту керек әлі келген жоқпыз. Бірақ жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл процесстің өзі жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Себебі оның алдында бұл да болған жоқ. Бұл мәселе көбінесе көтерілмеген.

Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұған ешкім де күмән келтіре алмайды. Себебі бауырлас елмен достығымыз сан ғасырлар бойы беки түскен. Тарихи-мәдени байланыстарымыз да жоғары деңгейде. Бұған Бішкекте ашылған Абай, ал Астанада қойылған Айкөл Манас ескерткіштері дәлел бола алады. Қырғыздың құнды қазынасы - Манас эпосын зерттеуде қазақ халқының біртуар тұлғаларының қосқан үлесі зор. 

19.04.2024 

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

- Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында Айкөл Манастың ескерткішін ашу салтанаты бізге бұйырғандығы әлбетте біз үшін зор мәртебе және өлшеусіз бақыт. Манас бабамыз қырғыз елінің ауыз әдебиетінің ең ұлы туындысы әрі құнды қазынасы. Мыңдаған жылдар бойы қанымызға, жанымызға сіңіп келген деміміз, әрі өзегіміз.

Шын дос қиындықта сыналады. Былтыр ақпан айында Бішкектегі жылу электр орталығында апат болғанда Қазақстан бауырлас елге көмек ретінде 2 мың тонна дизельдік отын жөнелткен еді. Ал көктемдегі су тасқыны кезінде айыр қалпақты ағайын қазақ халқына қол ұшын созып, гуманитарлық жүк жіберген болатын. Достығы сын сағатта сыналған қазақ-қырғыз бауырластығы тек саяси немесе экономикалық емес, рухани байланыстарға негізделген. Халықтар арасындағы осы бірлік «қазақ-қырғыз – бір туған» деген сөздің мәнін тереңдете түсетіні сөзсіз.

Риат Шони