Қазақстан білім академиясы құрылды
Елдегі екі педагогикалық университет пен Гонконг білім беру университетінің бірлескен жобасы іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Үшжақты келісім аясында Қазақстан білім академиясы құрылып, STEM бағытын дамытуға арналған екі орталық ашылды. Оның бірі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, екіншісі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанынан жұмысын бастады.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Қазақстан білім академиясы білім беру саласындағы инновациялық зерттеулер мен идеяларды іске асырады. Әсіресе, болашақ педагогтардың біліктігін арттыруға септігін тизбек. Осыған орай Абай университеті жанынан «Инклюзивті білім беру және білім берудегі жасанды интеллект» орталығы жұмысын бастады. Мұнда педагогтар ІТ саласындағы білімін тереңдетеді.
Болат Тілеп, Абай атындағы ҚАЗҰПУ ректоры:
- Яғни, бұл жер, барлық форматтағы жұмыстар бар. Қос дипломдық оқыту, жалпы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша және басқа да оқытушылар алмасу деген сияқты. Әрине, бұл орталықтың қазіргі таңда біз үшін маңызды бір бөлігі бұл – оқу процесінде жасанды интеллекті қолдану мүмкіндігі.
Мұнда мектепте жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналаған бес түрлі оқу бағдарламасы бар. «Ол халықаралық сертификатпен бектілген», - дейді университет басшылары.
Ли Чи Кин Джон, Гонконг білім беру университетінің президенті:
- Гонконг университетінің ұзақ тарихы бар және білім беру саласында жоғары пәндік рейтингке ие. Бізде көшбасшылық, STEM білім беру және бағалау салаларында мол тәжірибе жинақталған және осы бағыттарда өз білімімізбен бөлісуге, оқыту мүмкіндіктерін ұсынуға, сондай-ақ университеттермен бірлескен зерттеулер жүргізуге дайынбыз.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті көшбасшылық мәселесіне басымдық береді. Қазіргі елімізде 800-ден астам «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Соған лайықты маман дайындап, көшбасшылық курстары оқытылады. Білім беру саласындағы STEM бағыты дамый түспек.
Гүлмира Қанай, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры:
- Осы себепті біз STEM бағыты бойынша мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырып, университетіміздегі студенттерге арналған оқу бағдарламаларын жетілдіру бағытында жұмыс жүргізетін боламыз.Үшінші бағыт – білім берудегі бағалау жүйесі және бағалаудың түрлерін жетілдіру.
Тәжірибе алмасу мен тың инновацияларды енгізу жастарды заман талабына сай маман етіп даярлауға үлес қосады. Мұғалімдер осы күзден бастап біліктілігін жетілдіре алады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов