Жетісу облысындағы ауылда қайтарылған қаржыға мектеп салынады
Қайтарылған активтер есебінен Жетісу облысындағы Көксай ауылында жаңа мектеп салынады, деп хабарлайды 24KZ. Үкімет Арнайы мемлекеттік қордан мектеп құрылысына 1,4 млрд теңге бөлді. Қазір ауылда бір мектеп бар. Онда екі ауысымда 53 бала оқиды.
Оқу орнында спорт және акт залдары, асхана жоқ, пәндік кабинеттер жетіспейді. Жаңа мектеп 60 орынға арналған. Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталады. Жалпы бүгінде Үкімет арнайы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға 58 млрд теңге бөлді. Бұл қаржыға 5 мектеп, 2 спорт кешені, көпфункционалды аурухана, жатақхана, 2 балабақша және жедел медициналық жәрдем станциясы салынады.
Бақыт Ешмұханбетқызы, Көксай ауылының тұрғыны:
- Ауыл көркейіп жатыр. Жол салынды, газ құбырлары жүргізілді. Амбулатория салынды. Енді бізге жетіспей тұрғаны – сол бір жақсы, қазіргі заман талабына сай мектеп. Өте қуаныштымыз, керемет, қуанып жатырмыз. Көптен күткен біздің осы арманымыз деп айтсам да болады.