Сая Қыдырәлі IELTS емтиханында рекорд жасады

17 жастағы алматылық Сая Қыдырәлі IELTS бойынша рекорд жаңартып, ең жоғары 9 балл алды. 

Әлемде мұндай нәтижеге тест тапсырушылардың ілуде біреуі ғана  қол жеткізе алады. Ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекеттерге бармай-ақ, халықаралық сынақтан жоғары балл алған Сая.

Саяның анасына телефон арқылы жылап тұрып қуанышын жеткізген мына бейнежазбасы әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинады. Пікір білдіргендердің бір бөлігі оқушыны шын жүректен құттықтаса, «сол да жылап айтатын жаңалық па?» деп таңғалғандар да бар. Алайда, бұл нәтиже оңайлықпен келген жоқ, - дейді Сая. Жоғары балл алу үшін Сая халықаралық емтиханды 20 рет тапсырыпты.

Сая Қыдырәлі, 11-сынып оқушысы:

- Сол кезде нәтижемді ашқан кезде мен сене алмадым. Өз көрген балыма, ұпайыма, мен 9 деген ұпайды көрдім. Мен ойладым менде бір галлюцинация болып тұр ма, дұрыс емес қарап тұрмын ба бірнәрсені деп ойладым. Эл. cертификат ашқан кезде ғана көремін, түсінемін 9-ды алғанымды. Сөйтіп анама хабарласып, анама сол жақсы жаңалықты жеткіземін.

Сая анасының көмегімен ағылшын тілін алты жасында үйрене бастайды. Ал жеті жасында еркін сөйлеп, тіпті сол тілде ойлай алатын деңгейге жетеді. Тіл білімін жетілдіру үшін мультфильмдердің орнына ол BBC мен CNN-нің деректі фильмдерін көреді. Тоғыз жасында балаларға арналған ағылшынша сөйлесу клубтарын таппағандықтан, қатарластарына өзі сабақ бере бастайды. Ал 10 жасында тіпті ересектерге ағылшын тілін үйретеді.

Сая Қыдырәлі,  11- сынып оқушысы:

- Ағылшын тілі саған қандай мүмкіндіктер береді. Қандай есіктер саған мысалы ашады. Соны түсіне келе ағылшын тілі маған қызық бола бастады. Сосын мен ағылшын тілін өте қатты, прям ғашық бола бастадым деп айтсам болады.

Сая алғаш рет IELTS емтиханын 11 жасында тапсырып, 6,5 балл алады. Алдына мақсат қойып, көрсеткішін 9 баллға дейін көтеруді көздейді. Араға алты жыл салып ол арманына қол жеткізді. Жоғары нәтижесі арқылы әлемдегі ең жас үздік ағылшын тілі білгірлерінің қатарына қосылды. «Бұл жетістік тек отбасы мен мектебі үшін ғана емес, бүкіл ел үшін мақтаныш», - дейді ұстаздары.

Ардақ Тойбазарова, Сая Қыдырәлінің сынып жетекшісі:

- Сая осы мектепте 1-кластан оқиды. Мен олардың сыныбын 8 класста алдым. Пандемиядан кейін алдым. Енді, Сая өте көп кітап оқиды. Самопознание предметі болды. Сол кезде менің білгенім, Сая көп шетелдің, біздің өзіміздің кітаптарды көп оқиды. Сол кезде мысал ретінде цитаталарын қосып соны айтатын.

Саяның қазір шетелдің үздік университеттеріне түсуге мүмкіндігі мол. Дегенмен, әзірге шекара асуға асықпаймын, - дейді өзі. Ол жеке ағылшын тілі мектебін дамытуды жоспарлап отыр.  

Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов