Қостанай облысының колледждері оңтүстік өңір түлектерін қабылдауға дайын
Еліміздің оңтүстік өңірінің мектеп түлектері Қостанай облысының колледждерінде тегін кәсіби білім алуына мүмкіндік бар, деп хабарлайды 24kz.
Биыл оқу орындары «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарынан 500-ден астам адам қабылдауға дайын. Оларды негізінен техникалық, ауыл шаруашылығы, педагогикалық мамандықтар бойынша дайындайды. Бұл – өңірдегі жұмысшы мамандарға зәру 40 кәсіпорынның тапсырысы бойынша қолға алынған шара.
Анна Лазарева, Қостанай облыстық білім басқармасының баспасөз-хатшысы:
- Колледждерге қабылдау жергілікті өндіріс орындарының сұранысына сай жүргізіледі. Біріншіден, бұл түлектердің нақты мамандық бойынша білім алуына кепілдік береді. Екіншіден, сол кәсіпорында практикалық тәжірибе жинайды. Сосын міндетті түрде тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі кезде мектеп түлектері арасында үгіт-насихат жүріп жатыр. Ол оқу жылының аяғына дейін жалғасады.