Қазақстандағы колледждер атом энергетикасы мамандарын даярлайды
Отандық колледждер атом энергетикасы, дрон құрастыру және машина жасау мамандарын даярлай бастайды. Бұл жайында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің ашылуында айтты.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласына арналған шараға ірі компаниялардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, колледж студенттері мен сарапшылар жиналды. Ашық алаңда болашақ мамандар мен жұмыс берушілер ортақ мәселелерді бірлесе талқылады. Ұйымдастырушылар бұл фестиваль елдегі «жұмысшы мамандықтар жылына» орайластырылған ауқымды шаралардың бастамасы екенін атап өтті. Сала басшысы отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығын айтты.
Алдағы қыркүйек айынан бастап колледждерде жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Бүгінде колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетсе, енді олардың саны 4 мыңға жетеді. Колледждердің бәсекеге қабілеттілігі артады. Ондағы білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру көзделіп отыр. Мысалы, атом энергетикасы мамандарын даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарланған.